Отан үшін отқа түсіп, қан майданнан аман оралған ардагерлеріміздің алдында бас иеміз!

Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласы кәсіподақтар орталығының өкілдері «Шарапат» қарттар үйінің Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетті.

Өкінішке орай, Ұлы Отан соғыс ардагерлерінің саны жыл сайын азайып келе жатқаны ақиқат. Оған қоса, тағдырға байланысты көбі жалғыз қалуда. Мұндағы қарттарға бар жағдай жасалғанымен отбасының жылуы жетпей тұрғаны сезіледі. Жасы 94-ке келген соғыс ардагері Раиса Егоровна Сафоничева «Шарапат» қарттар үйінде тұрып жатқанына біраз жыл болыпты. Ол 18 жасында өз еркімен майданға аттанған. Байланыс курстарын бітіріп, кейін Украина, Бессарабия, Венгрия, Румыния елдерінде өткен соғыс-майдандарында әскери қызметін өтейді. 1945 жылдың 9 мамырын Будапештте қарсы алған екен. Бейбітшілік заманын өзі туып-өскен Ресейдің Горький қаласында, кейін тың игеру жылдары Қазақстанның “Жақсы” станциясына қоныс аударған екен. Кейін жолдасының жұмыс бабымен Жамбыл облысына көшіп, 1982 жылдан бері Целиноград қаласында тұрақтаған.

Қарттар үйіндегі қалалық кәсіподақтар орталығы және Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы атынан бірқатар Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне сый марапат жасады.

Осындай ардагерлерге мыңда бір алғыс! Көп жасасын дегіміз келеді!