Батыс Қазақстан облысының еңбекшілері арасында 1-ші кәсіподақ спартакиадасы өтті

2019 жылдың 7-8 мамыр күндері аралығында Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданы Ақсай қаласында Батыс Қазақстан облыстық еңбекшілер арасында 1-ші кәсіподақ спартакиадасы өтті.

Аталған шараға Ақсай қаласының ірі өнеркәсіп орындарының кәсіподақ ұйымдарынан 8 командаға іріктелген, 170-ке жуық спортшы қатысып, бақ  сынасты. Атап айтатын болсақ, олар «АқсайГазПромЭнерго»АҚ, «АқсайАвтоТранс» АҚ, Бөрлі ауданының Білім беру бөлімі, Бөрлі аудандық Кәсіподақ комитеті, «ЖайықЖылуҚуат» АҚ, Қарашығанақ, Конденсант АҚ, КПО б.в.

8 мамыр күні салтанатты ашылу рәсімінен бастау алған сайыс ойындардың алғашқы легімен жалғасты. Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары А.Көшкінбаев сайысқа қатысушы командаларға өз құттықтауын жеткізсе, Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары М.Муканов оларға қызықты да тартысты ойын мен сәтті нәтиже тіледі.

Кәсіподақтар мұрындық болып ұйымдастырған облыста алғаш рет еңбекшілер арасында өткізілген спартикиаданың басты мақсаты еңбекшілер арасында салауатты өмір салтын насихаттау және қалыптастыру, достық, әрі жолдастық қарым-қатынасты дамыту, компаниялар арасындағы серіктестікті нығайту болса, бұл шара өз мақсатына жетті деуге толық құқымыз бар. Өйткені, сайыс нәтижесінде әркім жеңіске үмітті болғанмен, командалар әділ шешімге разы болып, облыстағы 1-ші кәсіподақтар спартакиадасын өткізу дәстүрге айналады деген сеніммен қайтты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар, медальдармен, кубокпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сайыс нәтижесінде командалық есеп бойынша жарыстың жеңімпаздары келесідей анықталды: I орын – Қарашығанақ; ІІ орын – «Конденсант» АҚ; ІІІ орын – Бөрлі ауданының білім беру бөлімі; IV орын – КПО б.в.