ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ

Еліміздің бүгінгідей бейбітшілікте өмір сүруі – сол қанды майданда ерен ерлік көрсеткен хас батырлардың арқасы. Аяулы ардагерлер әрқашан құрметке лайық!

“Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов және «Келешек» Жастар кеңесі 99 жасқа келген, запастағы полковник, ҰОС ардагері Халел Атымтаевты Жеңістің 74 жылдығымен құттықтады.

Қарт жауынгерге ыстық ықыласын білдіріп, сый-сыяпат жасады. Өз кезегінде сөз алған Халел ақсақал: «Кәсіподақ біздің панамыз, әрдайым қолдауын көрсеткен ұйым, осындай Ұлы мерекеде, бейбіт еліміздің туы мәңгілік желбіресін, жас ұрпақ баянды ғұмыр кешсін, Қазақстан Республикасының барлық кәсіподақ ұйымдарына жемісті жұмыс тілеймін» – деп батасын берді.

Сонымен қатар, 94 жасқа келген ардагер Төрегелді Зорбановқа да зор құрмет көрсетілді. Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен майдангердің хал-ақуалын сұрап, ақ тілектерін ақтарды. Өзіне көрсетілген сый-құрметке батыр ата ақ батасын беріп, ризашылығын білдірді.