Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспиховтың республикалық қоғамдық сайлауалды штабы ашылды

Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Кәсіподақтар федерациясы атынан Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспиховтың республикалық қоғамдық сайлауалды штабы ашылды.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым республикалық қоғамдық сайлауалды штабына жетекшілік етеді.

Б. Әбдірайым: «Өз кезегінде кәсіподақ азаматтық қоғамның бөлінбес бөлігі, еңбекшілердің мүддесі мен құқын қорғайтын маңызды қоғамдық институт болып табылады. Сондықтан еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым ретінде Кәсіподақтар федерациясы атынан Қазақстан Президенттігіне өз кандидатымызды ұсынып отырмыз. Біз сайлаудың халықаралық нормаларға сай әділ де ашық өтуіне бар күш жігерімізді саламыз»,- деді.

Штаб құрамына кәсіподақ ұйымдарының басшылары, беделді ұлттық сарапшылар, кәсіби заңгерлер, ғылым қайраткерлері және Кәсіподақтар федерациясының «Келешек» жастар қозғалысының белсенділері кірді. Орталық штаб еліміздің барлық облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ашылған аймақтық қоғамдық штабтардың жұмысын үйлестіреді.

Кәсіподақтар федерациясы базасында құрылған орталық штабта қоғамдық қабылдау бөлмесі ұйымдастырылып, жедел байланыс орталығы ашылды. Байланыс орталығының телефон нөмірі 20-10-90.

Бүгінгі таңда барлық штабтар жұмыс істеуге толығымен дайын. Кандидаттың үгіт-насихат жұмыстарына қажетті баннерлер, билбордтар, роликтер, брошюралар тағы басқа өнімдер жасалып, барлық өңірлерге жеткізілді. Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспиховтың еліміз бойынша барлығы 2000-нан астам сенімді өкілдері, 2000-ға жуық волонтерлері, 5000-ға жуық бақылаушылары бар.

Үгіт-насихат науқаны барысында 400-ден аса іс-шара жоспарланған. Кандидат және оның сенімді өкілдері еліміздің бірнеше өңірлерінде еңбек ұжымдарымен, медицина қызметкерлерімен, ауыл еңбекші жастарымен және басқа да саланың еңбеккерлерімен кездесулер өткізеді.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының атынан Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспиховтың тұғырнамасында жосықсыз жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру, қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, жұмысшылардың еңбек құқын қамтамасыз ету, еңбек миграциясын реттеу мәселелеріне басымдық берілген.

Кандидат Аманкелді Таспиховтың алғашқы үгіт-насихат жұмысы бүгін Павлодар облысынан басталды.