ҚР Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспихов Солтүстік Қазақстан облысындағы сенім білдірген өкілдерімен кездесті

Кездесуге ҚР Кәсіподақтар федерациясы атынан кандидат Аманкелді Таспихов, Республикалық қоғамдық штаб мүшелері Егор Каппель және  Мирболат Жақыпов, сондай-ақ қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері мен кәсіподақ қозғалысының ардагерлері, облыстық салалық кәсіподақтар төрағалары мен Солтүстік Қазақстан облысының еңбек ұжымдары қатысты.

Сенім білдірген өкілдері алдында сөз сөйлеген Аманкелді Таспихов еңбеккерлердің мүдделерін қорғауға негізделген кәсіподақ идеяларынан тұратын өзінің сайлауалды тұғырнамасы туралы айтты.

Кездесуге қатысқан кәсіподақ көшбасшылары еңбеккерлер құқығын қорғауда кәсіподақтардың рөлі мен орнының маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты қатысушылар Кәсіподақтар федерациясының ҚР Президенттігіне өз кандидатын ұсыну туралы қадамына қолдау көрсетті.

Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысының аймақтық қоғамдық штабының жетекшісінің орынбасары Темірғали Әбілмажинов өз сөзінде штабтың қазіргі жұмысы мен жоспары туралы ақпаратпен бөлісті.

Сенім білдірген өкілдер кандидатқа арналған сөздерінде бірқатар өзекті әлеуметтік-еңбек мәселелерін атап өтті. Өз кезегінде Аманкелді Таспихов тұшымды жауап берді.

Кандидат Солтүстік Қазақстан облысы аймақтық қоғамдық штабының мүшелеріне сайлауалды кампанияны өткізуде елеулі жұмыстары үшін алғысын білдіріп, облыстың құрметті азаматы Жамбыл Тасеменов пен ҚР құрметті энергетигі Александр Липовойға сенім білдірген өкіл куәлігін табыстады.

Кездесу соңында Президенттікке кандидат А.Таспихов кәсіподақ қозғалысының ардагері В.Лопатконы, Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Т.Әбілмажиновты, «YNTYMAQ» орта және шағын бизнес қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы А.Кайсинді, Білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Т.Смолинді, «Солтүстік Қазақстан облыстық профсервис» ЖШС бас бухгалтері В.Резинкинаны, СҚО кәсіподақ орталығының БАҚ-пен байланыс жөніндегі  бас маман Б.Рахымбаеваны, сондай-ақ СҚО ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының бас бухгалтері Н.Залогианы өз атынан алғыс хаттармен марапаттады.