Қызылордада ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың қоғамдық штабы үгіт-насихат науқанын бастады

Бүгін, Қызылордада ҚР Президенттігіне кандидат Аманкелді Сатыбалдыұлы Таспиховтың қоғамдық штабы үгіт-насихат науқаны бойынша штаб отырысын өткізді.

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағамбетов басқаратын қоғамдық штаб пен штабтың эксперттік тобы құрамында барлық салалық кәсіподақтар төрағалары, жергілікті кәсіподақ төрағалары, танымал тұлғалар, кәсіподақтардың белсенді жастары қамтылған.

Отырыс барысында Серік Сағитжанұлы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясынан ұсынылған ҚР Президенттігіне кандидат Аманкелді Сатыбалдыұлы Таспиховтың өмірбаяны мен сайлауалды тұғырнамасын таныстырып өтті.

Облыста Аманкелді Сатыбалдыұлы Таспиховтың сенімді өкілдері ретінде 137 адам тіркеліп, қазірде сайлау күні бақылаушы болуға ниет білдірген кәсіподақ белсенділері саны артуда. Үгіт-насихат шаралары бойынша жұмыстар бастау алды, кәсіподақ жастарынан құралған белсенділер тобы кеше 12 мамырда тиісті орындарда насихат материалдарын орналастырып, бүгін 13 мамырда үгіт-насихат материалдары барлық аудандарға таралды. Штаб отырысында алда атқарылатын жұмыстар тағы бір пысықталды, аудандар бойынша жауапты белсенділер белгіленді.

Айта кететін болсақ, Қызылорда облысы бойынша 366 сайлау үчаскелерінде 499 545 сайлаушылар бар.