Аманкелді Таспихов «Жас келсе – іске!» республикалық еңбекші жастар форумы аясында жастармен кездесті

Президенттікке кандидат Аманкелді Таспихов Солтүстік Қазақстан облысы Покровка селосында өткен «Жас келсе – іске!» республикалық еңбекші жастар форумы аясында жастармен кездесті.  

14 мамырда Солтүстік Қазақстан облысы Покровка ауылында «Ж.Қизатов атындағы Есіл ауылшаруашылық колледжі» МКҚК базасында ҚР Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен «Жас келсе – іске!» еңбекші ауыл жастарының республикалық форумы өтті.

Форумның басты мақсаты – жастардың белсенді өмірлік ұстанымдарын қалыптастыруға жәрдемдесетін тиімді диалог алаңын құру, жеке бастың өсімі мен кәсіби өсімге көмектесу, еңбек құқықтары туралы білімдері мен ауылда кәсіби даму үшін мүмкіндіктерін арттыру.

Форум жұмысына ҚР Кәсіподақтар федерациясы атынан ҚР Президенттігіне үміткер Аманкелді Таспихов, кандидаттың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері  – ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым, сондай-ақ Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары – «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Егор Каппель, «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Мирболат Жақыпов, аумақтық кәсіподақ орталықтары басшылары бастаған Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының еңбекші ауыл жастары қатарынан өкілдер, сондай-ақ,  әлеуметтік әріптестер, кәсіподақ қозғалысының ардагерлері, колледждің оқытушылық құрамы қатысты.

Форумның ашылу рәсімінде ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайым еңбекші жастардың өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесін атап өтті.

«Біз ауыл жастарын қолдау қажет екендігі туралы көп айтамыз. Және осы бағытта нақты қадамдар жасауға дайынбыз. Яғни, жастарды жинап, олардың мәселелерін тыңдаймыз және бірлесіп шешу жолдарын қарастырамыз», – деді Б.Әбдірайым.

Сондай-ақ, ол алдағы Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы туралы айтып өтті.

«Кәсіподақтар тарихта тұңғыш рет сайлауға қатысу үшін өз кандидатурасын ұсынып отыр. Бұл – кәсіподақтардың үйлескен бағдары. Бұл шешім Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесімен қабылданды. Біз үшін алдағы сайлау өте маңызды, себебі, біздің кандидат қоғам мен билік назарын еңбек қатынастарына қатысты бірқатар мәселелерге аударуы тиіс. Және бізде осы мәселелерді шешу үшін қажетті нақты жоспар бар. Кәсіподақтар Қазақстандағы ең бұқаралық ұйым ретінде өз кандидаты мен оның сайлауалды тұғырнамасын ұсынуға міндетті. Біз үшін еліміздің әрі қарай даму бағдарының еңбек адамының мұң-мұқтажына сай келуі маңызды. Біз осы тұғырнамамен халыққа бағыт алудамыз, – деп атап өтті республикалық қоғамдық сайлау штабының жетекшісі Бакытжан Әбдірайым.

Президенттікке кандидат Аманкелді Таспихов өз сөзінде осы форумның Солтүстік Қазақстан жерінде өткізілуі өте маңызды жайт екендігін атап өтті. Бүгінде өңірде кадрлар, соның ішінде жас мамандар жетіспейді.

Аманкелді Таспихов форумға қатысушыларға өз өмір жолын айтып, өз дәуіріндегі жастардың қандай күрделіліктерге тап болғанын жеткізді.

Сонымен қатар, Президенттікке кандидат жас еңбеккерлерді ойлаған мақсаттарына тайсалмай жету үшін нақты қадамдар жасауға шақырды.

Кандидаттың сайлауалды тұғырнамасы Еңбек адамын қолдауға бағытталған. Осыған байланысты Аманкелді Таспихов еңбекші ауыл жастарының өзекті мәселелерін бірлесіп шешудің маңыздылығын көрсетті. Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесінің төрағасы Михаил Трошихин, білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының төрайым орынбасары Айгүл Мұқашева, Солтүстік Қазақстан облысы Уәлихан ауданының «Жолдасбай Агро» ШҚ малшысы – «ІІІ дәрежелі Еңбек Даңқы» орденінің иегері Р.Бралин  форумға қатысушыларға арнап сөз сөйледі.

Сөз сөйлегендер еңбекші ауыл жастарын дайындау мен жұмыспен қамтуға қатысты өзекті мәселелерді қозғады.

Жастар өкілдерінің атынан сөз сөйлеген спикерлер ауылдық жерлерге жас мамандарды бекіту бойынша ұсыныстар тастады. Өз сөздерінде жас белсенділер Кәсіподақтар федерациясының еңбек жастарын қолдаудағы рөліне баса назар аударды.

Шара барысында Кәсіподақтар федерациясы атынан ауыл жастарының белсенді өкілдері сертификаттармен марапатталды.

Форум аясында секциялар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Дархан Қалиев «Құзыреттікті қалыптастыру – ауыл жастарының кәсіби қалыптасу негізі» тақырыбында, ал РhD доктор, Каз-ГЗУ доценті, МВА СЕО «Academy of labour relations» Бибігүл Нұрашева «Кәсіподақ ұйымдарының төрағалары жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау тиімділігін қалай арттырады?» тақырыбында танымдылық дәрістерін берді.

Талқылаулардан кейін Форумға қатысушылар үндеу қабылдады.

Форум концерттік бағдарламамен, «Достық» алауының жанында «Домбыра – нұрлы жанның гитарасы» музыка байқауымен және ортақ суретке түсумен аяқталды.