Төле би ауданында кандидат А.Таспиховтың қоғамдық штабы ашылды

Алдағы Президент сайлауында кәсіподақ ұйымының атынан түскен А.Таспиховтың кандидаттығын қолдау үшін аудандық қоғамдық штаб құрылды.

Сайлау алдындағы штаб басшысы қызметі Түркістан облысы Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Төле би аудандық филиалының төрғасы Раджу Сайлауұлына берілді. Тарихи сайлау науқанының жұмысын ауданда белсенді ұйымдастыру мақсатында кандидат А.Таспиховтың Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша қоғамдық штабының басшысы Берік Бекжанов бастаған белсенді топ арнайы жиын өткізді.

Шарада жаңа құрылған қоғамдық штабтың негізгі міндетіне тоқталып, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат А. Таспиховты сайлау науқаны кезінде қолдап, оның сайлау алдындағы бағдарламасын түсіндіру бойынша насихат жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Бұдан бөлек штаб құрылымында Қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істеп, онда кандидаттың сенімді өкілдері азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, түскен ұсыныстар мен тілектердің сараптамасы негізінде қоғамдық пікірдің мониторингін жүргізеді.