Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында XII Астана экономикалық форумы басталды. Жаһандық көшбасшылар мен жетекші халықаралық сарапшылар әлемдік экономиканың ең маңызды проблемаларын талқылап, оларды шешу бойынша Қазақстанға арналған ұсынымдарды әзірлеу үшін бас қосып отыр.
Форумның басты тақырыбы «Ынталандырушы өсу: адамдар, қалалар, экономикалар». Биыл 12-ші жыл өткізіліп отырған форум жұмысына әлемнің 74 елінен сарапшылар, саясаткерлер, бизнесмендер мен ғалымдар қатысуда. Барлығы 5 000 астам делегаттар қатысуға ниет білдірген.
Іс-шараға қатысушылар тұрақты өсімнің, адам капиталын дамытудың және қалалардың әлеуетін білім мен инновациялардың халықаралық орталықтары ретінде нығайтудың жаңа жолдарын талқылайтын болады.
Екі күнге созылатын форум аясында панелді сессия, конференция, дөңгелек үстел, іскерлік диалог форматында іс-шаралар өтеді.
Соның ішінде бүгін Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) 100 жылдығына орай жаhандық комиссияның еңбек болашағы жөніндегі баяндамасын зерттеу және талқылау үшін Халықаралық конференциясы өтті.
Қазақстандық және жетекші әлемдік сарапшылар болашақ еңбек мәселелерін, 4.0 Индустрия аясында жаңа әлеуметтік-еңбек саласын дамытуды талқылады.
Конференция жұмысы екі сессия бойынша өтті. Оған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Өзбекстанның Жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрі Шерзод Кудбиев, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым, Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы департаментінің директоры Грахам Минтон, BCG серіктесі және басқарушы директоры Сергей Перапечка, Қазақстандағы АДБ өкілдігінің директоры Джованни Капанелли, Германияның Шығыс Еуропа экономикалық қатынастары жөніндегі комитетінің директоры Михаэль Хармс және тағы басқалары қатысты.
Жиында сөз сөйлеген Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым болашақ еңбек саласында лайықты еңбекпен қамтамасыз ету мәселесін баяндады. Ол: «Бүгін және болашақта нарық талап ететін мамандықтардың өзгеру динамикасы тиісті анықтамалық-ақпараттық материалдарды қарастыруды қажет етеді. Бұл жұмыс іздеген жастар мен мамандығын ауыстырғысы келген адамдарға, жұмысшыларды оқыту мен қайта оқытудың нақты стратегиясын қалыптастыруға қажет. Кәсіподақ өз тарапынан жұмыстан босаған адамдарды қайта оқыту мен оларды жаңа жұмыс орындарына орналастыруға белсенді түрде қатысуы тиіс»,-деді.
Қазіргі уақытта жалдамалы еңбек Қазақстан үшін жаңа құбылыс. Бизнес қауымдастығының кейбір өкілдері мұндай еңбек өз кәсіптерінің тиімділігін арттырып, еңбек шығындарын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді деп есептейтіні анық. Осы орайда Б.Әбдірайым өз сөзінде: «Қазір әлемде тұрақты емес жұмыс түрлері (аутсаффинг, лизинг немесе адамды жалға алу) кең тарала бастады. Кәсіподақ федерациясының бірқатар ұйымдары жалдамалы еңбек әлеуметтік-еңбек стандарттары деңгейінің төмендеп, жұмысшылар жағдайының құлдырауына әкеледі деп алаңдаушылық білдіріп отыр. Сондықтан Кәсіподақтар федерациясы осы мәселеге зерттеу жасап, елімізде жалдамалы еңбекті заң жүзінде реттеу жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне өз ұсынысын берді. Бұл мәселеден Парламент депутаттары да шет қалып отырған жоқ», -деп атап өтті.