Шымкентте А.Таспиховтың сенімді өкілдерінің білім саласы қызметкерлерімен кездесуі өтті

Еліміздегі ең жоғары лауазымға үміткер іріктелетін күн таяған сайын Шымқалада сайлауалды үгіт-насихат шаралары қарқын ала түсті. Кандидат А.Таспиховтың Түркістан облысы, Шымкент қаласы бойынша қоғамдық штабы басшысының орынбасары, үміткердің сенімді өкілі Серік Әуесханов білім саласының қызметкерлерімен кездесті.

«Индустриалды техникалық колледждің» мәжіліс залында өткен жиынға 210 адам қатысты.

Ел өмірінде рөлі зор саяси доданың маңыздылығына тоқталып, үміткердің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Еңбеккер құқы мен мүддесі жан-жақты екшелген кандидат А. Таспиховтың бағдарламасына білім саласы қызметкерлері аса қызығушылық танытты. Аталған колледждің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қ.Ибрайымқұлов білім саласы қызметкерлерінің құқығын қорғау мәлесіне қатысты сұрақ қойды.

Оқу орнының арнайы пән оқытушысы Ә.Орынбасарұлы колледж базасында шетелден келетін жұмысшы мамандарды қысқа мерзімді оқыту курстарын ұйымдастыру жайын сұрады. Штаб басшысының орынбасары Серік Әуесханов азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, ой-пікірлер мен сауалдарға қатысты арнайы мониторинг жүрзілітенін жеткізді. Сондай-ақ қатысушыларды сайлауда белсенділік таныту, дауыс беруге келгенде жауапты болуға шақырды.