Өнер иелерін мерекесімен құттықтады

21 мамыр – Мәдениет пен өнер қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы «Мәдениет-мәңгілік, өнер-өміршең» тақырыбында салтанатты қабылдау өткізді.

Облыстағы танымал өнер иелерін қабылдаған облыстық ұйымның төрағасы Садық Әбдіқадыров мәдениет пен өнер саласында жұмыс істеп жүрген қызметкерлерді құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Сонымен қатар, өнер мен мәдениет деген егіз ұғымды ұштастырып, елдің көңілінен шығып, мәдениеттің мәйегін өнер арқылы дәріптеп, әннің әуені, күйдің күмбірімен халыққа танылған Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармония әншілеріне қоғамдық жұмыстағы белсенділіктері үшін алғысын білдірді.

Кездесуде республика көлемінде өнер көрсетіп, жер жаннаты-Жетісудың өнерпаздары Бақытгүл Абенова, Бақберген Асқарбеков, Мадина Әліпбекова, Эльмира Дәуренбекова, Гүлбану Лахаева, Альмира Мұсафирова, Асылбек Тойлыбаев сынды өнер майталмандарына облыстық ұйымның Құрмет грамотасы және ақшалай сыйлығын табыс етті.

Салтанатты шарада өнер иелері әннен шашу шашып, алдағы уақытта да кәсіподақ ұйымы ұйымдастыратын шараларға белсене қатысатындықтарын жеткізді.