«БҮГІНГІ КӘСІПОДАҚҚА – БЕЛСЕНДІ ЖАСТАР!»

Ағымдағы жылдың  17 мамырында Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен Жастар жылына орай «Бүгінгі кәсіподаққа – белсенді жастар!» тақырыбында облыстық деңгейдегі  семинар-тренинг  өткізілді.

Аталмыш шараға Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жастар ісі бойынша Кеңестің төрайымы Әлия Әбиева және БҚО Кәсіподақтар орталығының өкілі  Айгүл Есекенова, «Жас Отан» Жастар қанаты БҚО филиалының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиевтер қатысты. Облыстың білім саласы жастары бас қосқан жиынды  Батыс Қазақстан облыстық ұйымының төрағасы Марат Даупаев ашты. Өз сөзінде төраға Елдің келешегі Тәуелсіздік тұтқасын әрі қарай ұстайтын, ауқымды стратегияларды іске асыруда жастардың ықпалы зор екенін атап өтіп, ұстаздардың жас ұрпақты тәрбиелеу мен білім берудегі еңбектері жоғары бағаланып, әлі де жарқын күндер алдымыздан күтіледі деп жастарға үлкен үміт артатынын айтты.

Шара барысында сөз алған Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жастар ісі бойынша Кеңестің төрайымы Әлия Әбиева, салалық кәсіподақтағы еңбекші жастардың белсенділігі және олардың алға қойған мақсат-міндеттері туралы ақпаратпен  жан-жақты бөлісті. Республикалық деңгейде білім саласы жастарымен жүргізіліп отырған арнайы жобалар, жазғы сауықтыру лагерлерінің жұмысы, халықаралық қатынастар төңірегінде облыстық Aqjaiyq арнасына сұқбат берді.

Шараның екінші бөлімі білім жастарына арналған семинар-тренингпен жалғасты. «Өрлеу» біліктілік арттыру Ұлттық Орталығының филиалы БҚО біліктілік арттыру институтының аға оқытушылары, тренерлер Сәнім Абитова және Жансая Ұзақова жүргізген семинар-тренинг фасилитациялық сессия форматында жүргізді. Фасилитациялық сессия барысында семинар  қатысушылары ҚРКФ 2017-2020 жылдарға арналған жастар саясатының бағдарламасымен танысып, бағдарламадағы  6 бағытты талқылады. Белсенді жастар арнайы топтарға бөлініп, кәсіподақ жұмысын дамытуға байланысты ойларын ортаға салып, кәсіподақ қызметін арттыруға, жастардың кәсіби белсенділігін қалыптастырудың негізгі формаларын ұсынды. Ұсыныстар қатарында: жас көшбасшыларды кәсіби деңгейде жоғарылатудың тиімді жүйесін құру, кәсіподақ қызметінің беделін арттыру, қоғамда кәсіподақ идеяларын насихаттау, кәсіподақтар имиджін көтеруге ат салысу, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау сынды ұсыныстар айтылды. Шара аясында жастардың кәсіподақ туралы ойлары қалыптасып, кәсіподақ өміріндегі жастардың ықпалының зор екеніне, кәсіподақ тарапынан қашанда жас буынға қолдау көрсетілетініне тағы бір мәрте көз жеткізді. Оған дәлел, сол шара барысында ұсынылған  ҚРКФ 2017-2020 жылдарға арналған жастар саясатының арнайы бағдарламасы.

Шара барысында кәсіподақтың белсенді жастары БҚО білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының құрмет грамоталарымен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталса, семинар соңында арнайы сертификаттар берілді.