Жанайхан МҰҚТАР: «Қарапайым еңбек адамының бейнесін көрсеткім келді»

«Жігітке жеті өнер де аз» дейді дана қазақ халқы. Атам заманнан бері кең байтақ қазақ жері сегіз қырлы, бір сырлы тұлғаларға бай. Осындай азаматтардың бірі – бүгінде Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының өсіп-өркендеуі жолында қызмет атқарып жүрген Жанайхан Ақуанұлы Мұқтар.

Жанайхан Ақуанұлы түрлі жылдары ҚР Жоғарғы соты төрағасының бірінші орынбасарының көмекшісі, Бас прокуратура, Жоғарғы сот аппараттарының басшысы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеттің әкімшілік директоры, ҚР Индустрия және жаңа технология министрлігінде құқықтық, кадр және құжат аударымы басқармасының басшысы лауазымдарын атқарған. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының департамент директоры болып табылады.

Қызметтік баспалдақ осылай өрілсе, өнер-білім асуларындағы алған төбелері де айшықты. Атап айтқанда, Жанайхан Ақуанұлы – 100-ге жуық әндер мен өлеңдердің авторы ғана емес, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеттің құрметті профессоры, осы университеттің, Бұқар жырау ауданы әнұранының авторы, ақын, композитор, ҚР-ның мәдениет қайраткері. Еңбек жолы шығармашылықпен үйлесім тапқан, өмірлік ұстанымы  еңбеккерлердің құқығын қорғау қағидасымен ұштасқан Жанайхан Ақуанұлы Мұқтармен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

-Жанайхан Ақуанұлы, «Еңбек адамына арнау» әніңіз бүгінде кәсіподақтардың әнұраны іспеттес әуен болғандай. Осы әннің шығу тарихына тоқталып өтсеңіз.

-Негізі, «Еңбек адамына арнау» әнін Кәсіподақтар әнұраны деуге болмайтын шығар. Бұл – еңбек адамының мәртебесін насихаттау мақсатында жүрегімнен шыққан шынайы жыр, қарапайым еңбеккерлерге арнау. Өздеріңіз білетіндей, бұрындары елімізде кәсіподақтардың рөлі бәсеңдеу болатын. Осыған орай біз белді бекем буып, осы бағытта қауырт жұмыстарды атқардық, әлі де атқарудамыз. Бұл ән осы науқанға сай туындап отыр. Негізі, осы салада жүргеніме екі жылға жуық уақыт болды. Қысқа уақыттың ішінде кәсіподақтардың қоғамда алатын рөлі мен орнын арттыру үшін бірталай іс-шаралар жүзеге асырылды. Нақты қызығушылық танытқан адам болса, еліміздегі кәсіподақ қозғалысының нәтижелі жұмысына куә бола алады. Мәселен, осы жазда өтетін ҚР Президенттігінің кезектен тыс сайлауына өз кандидатымызды ұсынып жатырмыз. Бүгінде кандидаттың қоғамдық штабында сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудеміз. Мен басшылық ететін топ ұйымдық-техникалық мәселелерге жауапты. Яғни, біз республикалық штабта осы сайлау науқанын қадағалаймыз. Осындай қауырт кезеңде кәсіподақтардың бірлігі мен ынтымақтастығын көрсетуді ниет еттім. Көптен бері іштей буып-түйіп жүрген ойларымды қағаз бетіне шығарып, әсем әуенмен әрлеп, осындай туындыны дүниеге шығардық. Арнайы бейнеролик түсірілді. Еліміздің әр сала қызметкерлерінің бейнесін көрсеттік. Бір жағынан, бұл ән шабыттандырады. Еңбеккерлерді, кәсіподақ мүшелерін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірігуге шақырады.

-Әннің қайырмасы «Алға, Қазақстан! Алға, кәсіподақтар!» шумақтарынан басталады. Шынымен, бұл сөздердің әр кәсіподақ мүшесінде іштей мақтаныш сезімін тудыратыны хақ. Ал Сіз «кәсіподақ» ұғымына қандай мән бересіз?

-Мен өз басым осындай жерде жұмыс істейтініме өте қуаныштымын. Негізгі мамандығым – заңгер. Еңбек жолымның көп бөлігінде ұйымдық мәселелермен айналысқанмын. Яғни, еңбек ұжымдарында істедім, орталық органдарда қызмет еттім, басшылық лауазымдарда болдым. Ал бүгінгі таңда сол жұмысшылардың мүддесін қорғаймын. Осы жерге келгенде өз ортамды нақты тапқандай күйде болдым. Еліміздің әр түкпіріндегі кез-келген кәсіпорын, не болмаса ұйымда жүрген еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғауға өз септігімді тигізіп жүргеніме іштей қуанамын. Осы себепті кәсіподақтың рөлі мен үшін маңызды да жоғары. Болашақта осы атқарып жатқан жұмыстарымызды арттыра түсетін болсақ, еліміздегі кәсіподақ қозғалысы жаңа белеске шығатынына кәміл сенімдімін.

-Бір сөзіңізде «заңгермін» деп айтып кеттіңіз. Ал шығармашылыққа қалай келдіңіз?

-Ауылдың қарапайым баласы болдым. Жастай қозы бақтық, атқа міндік. Саф ауамен тыныстап, әсем табиғатты тамашалап өстік. Осының барлығы мені  шығармашылыққа алып келді десе де болады. Негізі, 40 жасқа дейін шығармашылықпен ашық айналыспадым. Ән жазуға келуімде анамның рөлі бар. Ол кісіден ерте айырылып қалдық. Содан «Анама арнау» әнін шығардым, кейін әкеме, өзімнің туған жеріме, ауылыма арналған әндер болды. Алғашқы әндерімді Нұрлан Өнербаев, Досымжан Таңатаров сынды өздеріңізге белгілі әншілер бағалап, өз репертуарларына алды. Кейін шығармашылықты жалғастыру туралы шешімге келдім. Ұлықпан Жолдасов,  Ермек Елгезеков сынды атақты сазгерлер менің әндерімді әрлеуге көмек берді. ҚР Жоғары сотында қызмет атқарып жүргенде түрлі мейрамдарға қазақ халқының салт-дәстүріне негізделген сценарийлер жазатынмын. Сол уақытта «Қазақстан Рсепубликасының мәдениет қайраткері» атағы берілді. Осындай нәтижелерге қол жеткізгеннен кейін шабытым үдей түсті. Л.Гумилев атындағы ұлттық университетте жүргенде университет әнұранына байқау жарияланды. Менің туындым ұтып шығып, бүгінде университеттің әнұраны болып табылады. Кейін өзімнің туған жерім Бұқар жырау ауданында аудан әнұранына байқау болды. 20-ға жуық сазгер қатысқан сайыста менің туындым бас жүлдені иеленді.

 

Әннің мәтінімен төменде таныса аласыздар:

Кәсіподақтар маршы

Кәсіптік одақ қоғамы.

Еңбекшіл адам қорғаны,

Ертеңгі күнге жол ашар,

Бірліктің әділ ошағы.

Қайырмасы:

Алға Қазақстан,

Алға Кәсіподақ,

Дами бер мәңгі өркендеп,

Жастарға болып сен дастан.

Байлыққа толы шежірең,

Тарихың мол ғой кеңінен.

Әлі де қадам басасың,

Еңбекшіл менің еліммен.

Қайырмасы:

Алға Кәсіподақ,

Алға Қазақстан,

Дами бер мәңгі өркендеп,

Жастарға болып сен дастан.

Көшбасшы болған арыстар,

Одақтар болып табысқан,

Көтеріп еңбек адамын,

Талаптарымен санасқан.

Қайырмасы:

Алға Кәсіподақ,

Алға Қазақстан,

Дами бер мәңгі өркендеп,

Жастарға болып сен дастан.