“Адал еңбек – лайықты еңбекақы!”

Осындай ұранмен ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың Республикалық қоғамдық штаб өкілдері «Жайықжылуқуат» АҚ, «Батыс су арнасы» ЖШС, «Зенит зауыты» АҚ, «Нұржанар» АҚ өкілдерімен кездесті.

 Бүгін 23 мамыр Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясында үгіт-насихат жұмыстары шеңберінде Батыс Қазақстан облысына ат басын бұрған ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың Республикалық қоғамдық штаб төрағасының орынбасары, «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Жақыпов Мирболат Хабиұлы және «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Сұлтан Есимұлы Қалиев облыстың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және басқа да салалық кәсіподақ ұйымдарының мүшелерімен кездесті.

 Кездесу белсенді жастардың «Жұмыс істейтін шақ, жарқын сәнді болашақ. Кәсіподақ екпіні болашаққа жол ашпақ» деген жалынды ұрандарымен бастау алып.

Республикалық қоғамдық штаб төрағасының орынбасары М.Жақыповтың ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың өмірбаяны мен сайлауалды тұғырнамасын баяндауымен жалғасты. «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы С.Қалиев кандидаттың еңбек жолындағы қол жеткізген жетістіктері және ҚР Кәсіподақтар Федерациясы атынан ұсынылған кандидаттың жалпы кәсіподақтардың және еңбеккер халықтың мүддесі мен құқықтарын қорғау жолында өз мақсаттарын айқындағаны жөнінде айтып, қатысушыларды сайлауға белсенді қатысуға, А.Таспиховтың кәсіподақ өкілі ретінде қолдауға шақырды. Республикалық штаб өкілдері қатысушылар тарапынан болған сұрақтарға жауап берді.

Осыдан кейін сөз алған «Нұржанар» АҚ өкілі В.Загоруйков кандидат А.Таспиховтың білікті және өз қарауындағы әр жұмысшыға шын қамқор болатын сипаты туралы баяндаса, «Жайықжылуқуат» АҚ кәсіподақ мүшесі Р.Спашева кәсіпорындағы кәсіподақ ұйымының және ұжымдық шарттың маңыздылығы жөнінде нақты тоқталып өтті. ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың сенімді өкілі С.Федулеева кандидаттың кәсіподақ өкілі ретінде елдегі кәсіподақтардың белсенділігін арттыратынына сенім білдіріп, оның ата-анасының адал ұлы, жанашыр дос, азамат ретіндегі қырларын айтса, ал еңбек ардагері Н.Изтелеуов кандидаттың адамгершілігіне тоқталып, еліміздегі басты саяси оқиғада кәсіподақтардың өкілі кандидат ретінде қатысуы бұл жаңа өзгеріс, жаңа леп, жаңа қарқын екеніне қуанышын білдіріп, сайлауға белсенді қатысуға, өз таңдауларын жасап, А.Таспиховқа еңбеккерлер өкілі ретінде дауыс беруге шақырды.