«Еңбекті қорғау және өндіріс қауіпсіздігі» 9–ші қазақстандық халықаралық конференциясы мен көрмесі өтті

2019 жылдың 23 мамырында Нұр-Сұлтан қаласында «Еңбекті қорғау және өндіріс қауіпсіздігі» 9–ші қазақстандық халықаралық конференциясы мен көрмесі өтті. Конференция аясында ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым сөз сөйледі.

Б.Әбірайымның айтуынша, Халықаралық еңбек ұйымының 100 жылдығына орай ҚРКФ жұмыс орындарында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөледі.

Кәсіподақтар федерациясы өткен 2018 жылды Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы деп жариялады. Еліміздің барлық өңірлерінде кәсіподақтар бастамасы бойынша “Қауіпсіз еңбек” өңірлік бағдарламалары бекітілді және іске асырылуда.

“Атамекен” Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен және Қазақстанның жұмыс берушілер Конфедерациясымен бірлесіп “Еңбекті қорғау саласындағы алдын алу мәдениетін бірге арттырамыз” атты республикалық акция өткізіледі.

Жыл сайын “Еңбекті қорғау бойынша үздік техникалық инспектор” республикалық конкурсы өткізіледі.

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 12 мың өндірістік кеңес құрылды және жұмыс істейді. Республикада еңбекті қорғаудың жай-күйіне қоғамдық бақылауды кәсіподақтардан 18 мың техникалық инспекторлар да жүзеге асырады.

Тек өткен жылдың өзінде еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар 70 735 тексеру жүргізді, оның шеңберінде 125 мыңнан астам еңбекті қорғау туралы заңнама талаптарының бұзылуы анықталды, оның 87%-ын жұмыс берушілер жойды.

Бұл өндірісте зардап шеккен қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтарына қысым жасамауға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, ҚРПФ басшысы өндірістегі жазатайым оқиғаларға назар аударды: “Статистика көрсеткендей, 2018 жылы 191 кәсіпорында 221 адам қаза тапты. Өліммен аяқталған жазатайым оқиғалардың ең көп саны Қарағанды (37), Түркістан (24), Шығыс Қазақстан (19) облыстарында болды.

Салалар бөлінісінде көптеген өлім жағдайлары тау-кен металлургия өнеркәсібі, құрылыс, темір жол және автомобиль көлігі, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы ұйымдарында байқалады.

Бақытжан Әбдірайымның пікірінше, Үкіметтің, жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың бірлескен күш-жігерімен ғана, мемлекеттік қадағалау және бақылау органдарының қолдауымен қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жағдайын өзгертуге болады.

Сондай-ақ, ол өз сөзінде жаһандану факторлары, болашақ еңбек саласы туралы атап өтті.

Еңбек оқшауланған, қорғалмаған, болжанбаған, кепілсіз болады. Осыған байланысты әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарына, ғылыми қоғамдастық өкілдеріне және басқа да құзыретті және мүдделі тараптарға бірлесіп шешім әзірлеуге ұсыныс айтылды.