Сайлауалды шаралар Сарыағаш ауданында жалғасты

А.Таспиховтың Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша аймақтық штаб өкілдері мен кандидаттың сенімді өкілдерінің кезекті сайлауалды кездесуі Сарыағаш ауданында жалғасын тапты.

Штаб басшысы Берік Бекжанов бастаған белсенді топ алдымен аудандық штабқа ат басын бұрды. Мақсат – сайлау қарсаңында атқарылып жатқан үгіт-насихат шараларымен танысып, алдағы жоспарларды талқылау.

Аудандық штабтың жұмысымен танысып, сайлау қарсаңында қызу жүргізіліп жатқан қыруар шаралардың жайына қанықты. Аудандағы № 141 жалпы орта мектебінің акт залында халықпен кездесті. Бас-аяғы 110 адам қатысқан жиында штаб басшысы, кандидаттың сенімді өкілі Берік Айдарбекұлы сөз сөйлеп, сайлауалды кездесуге арнайы уақыт тауып келген жұртшылыққа сайлаудың маңыздылығын түсіндірді. Елдің болашағы айқындалар тұста асқан жауапкершілік танытып, белсенді түрде дауыс беруге шақырды. Сонымен қатар үміткер А.Таспиховтың сайлауалды тұғырнамасын таныстырып, ондағы кандидаттың еңбеккер құқы мен мүддесі туралы келелі ұсыныстарын ортаға салды.

Тұғырнамада айтылғандай кез келген жұмыскер үшін оның еңбегіне лайықты ақы төленуі-негізгі шарт болып табылады.

«Себебі осы арқылы тұрғындардың өмір сүру деңгейі мен қоғамдағы жалпы әлеуметтік тұрақтылық анықталады» дей келе Берік Айдарбекұлы кандидат ұсыныстарын жеткізді. «Бюджеттік сала қызметкерлерінің базалық еңбекақысын төменгі еңбекақы мөлшеріне дейін жеткізу және барлық жұмыскерлерінің еңбекақысын көтеру бойынша үміткердің ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ көпшілік кандидат А.Таспиховтың тұғырнамасымен танысып болған соң сауалдар да қоюға мүмкіндік алды. Штаб басшысы Берік Бекжанов сайлаушылар тарапынан түскен саулардар мен ұсыныстардың кандидат А.Таспиховқа жеткізілетінін айтып, сарыағаштық тұрғындарды алдағы уақытта ұйымдастырылатын кандидатпен кездесуге шақырды.