Кәсіподақтың көздегені – еңбек адамының мүддесі

Шымкентте сайлау күні таяған сайын үгіт-насихат жұмыстары да қыза түсті. Кандидат А.Таспиховтың Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша аймақтық штабының мүшелері мен сенімді өкілдері кітапхана қызметкерлерімен кездесті.

Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана еңбек ұжымымен өткен жиынға 40 адам қатысты. Сондай-ақ Түркістан облыстық спорт, ақпарат және мәдениет кәсіподақтар ұйымының төрағасы Бастарбек Пірімбетов ұжымға Аманкелді Таспиховтың өмірі мен еңбек жолдарын айтып, сайлауалды тұғырнамасымен таныстырып өтті.

Қауіпсіз еңбек жағдайы, жауапсыз жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру бойынша үміткер ұсыныстарын ортаға салды. Тұғырнамаға сүйене келе үміткердің сенімді өкілі Бастарбек Пірімбетов еңбек адамдарына лайықты еңбекақы төленумен бірге олар үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын да жасау өте маңызды шарт болып табылады деді. Өйткені, адамның өмірі мен денсаулығынан артық ештеңе жоқ.

Сондай-ақ белсенділер алдағы сайлаудың халықтың болашағы үшін өте маңызды екенін ескеріп, бірауыздан сайлаудан тыс қалмай қатысуға шақырды.

Кітапханашылар тарапынан түскен сауалдар да аз болмады. Кітапханашы Назгүл Еспанова еліміздегі білім мен медицина саласын жаңа сатыға жетілдіруге қатысты сауалын жолдады. Кітапхана қызметкері Алтынай Умирова әйелдер үшін зейнет жасының қысқарылу мәселесі жөнінде сұрақ қойды. Белсенді топ бұл қойылған сұрақтардың орынды екендігін айтып, ұсыныстардың кандидат қарауына жолданатынын жеткізді.