Шымкенттегі сайлауалды кездесу театрда жалғасты

Бүгін  кандидат  А. Таспиховтың Түркістан облысы, Шымкент қаласы бойынша аймақтық штабының мүшелері мен сенімді өкілдері театр қызметкерлерімен кездесті. Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағының төрағасы Бастарбек Пірімбетов бастаған белсенділердің  Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында өткен сайлауалды жиынына  40 адам қатысты.

Кездесуде Бастарбек Пірімбетұлы сөз алып, театр қызметкерлеріне алда келе жатқан сайлау науқаны туралы баяндап кетті. Кәсіподақтар ұйымы атынан ұсынылған ҚР Президенттігіне кандитат Таспихов Аманкелді Сатыбалдыұлының сайлауалды тұғырнамасының тезистеріне кеңінен тоқталды. Тұғырнамадағы өзекті мәселелер, қауіпсіз еңбек жағдайы мен лайықты еңбекақы, жауапсыз жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру және жұмысшылардың еңбек құқын қамтамасыз ету секілді негізгі бағыттырды талдап берді.  Азаматтарды сайлауда белсенділік танытуға шақырған  штаб мүшелері алда келе жатқан саяси доданың маңыздылығын түсіндірді.

Сондай-ақ еліміздегі ең ірі әрі ауқымды ұйым – кәсіподақтың болашақтағы жоспарымен де бөлісті. Кәсіподақтың жаңа мүмкіндіктерімен танысып шыққан көпшілік көкейлеріндегі сауалдарын қойып, белсенділерден тұшымды жауап алды.