ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың Республикалық қоғамдық штаб өкілдері шалғай ауылдарда

24 мамыр күні ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың Республикалық қоғамдық штаб төрағасының орынбасары, «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Жақыпов Мирболат Хабиұлы және «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Сұлтан Есимұлы Қалиев бастаған делегация Ақжайық ауданы Тайпақ ауылының жұртшылығымен кездесуге бағыт алды. Делегация құрамында «Батыс Қазақстан облысының Кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасының орынбасары Б.Атауов және облыстың салалық кәсіподақтарының төрағалары да бар.

Үгіт-насихат жұмыстары аясында орын алған бұл сапар Тайпақ ауылының Мәдениет үйінде өтті. Кездесуге ауыл тұрғындары, ақсақалдар, еңбек ардагерлері мен кәсіподақ мүшелері қатысты.

Республикалық қоғамдық штаб төрағасының орынбасары М.Жақыпов ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың өмірбаяны туралы баяндап, оның азамат ретіндегі ұстанымдары мен көзқарастары кәсіподақтар атынан кандидат ретінде ұсынуға негіз болғанын атап өтті. «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы С.Қалиев кандидаттың еңбекті қорғау мен еңбек қауіпсіздігі, еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған сайлауалды тұғырнамасына толығырақ тоқталып, қатысушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді. Кездесу барысында кітапхана қызметкері С.Тлекеева кандидаттың сайлауалды тұғырнамасындағы қауіпсіз еңбек пен лайықты еңбекақыға қатысты ұсыныстарды қуана қолдайтыны жайында айтты. Сонымен қатар, қатысушыларды осы елдің толыққанды азаматы ретінде алдағы сайлауға қатысып, белсенділік танытып, өз азаматтық борышын өтеп, еңбек адамының өкілі ретінде кандидат А.Таспиховты қолдап, дауыс беруге шақырды.