АМАНКЕЛДІ ТАСПИХОВ СЕНІМДІ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстандық Кәсіподақтар федерациясы атынан Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспихов сенімді өкілдерімен және астаналық кәсіподақ белсенділерімен  бейресми кездесу өткізді.

Нұр-Сұлтан қаласы кәсіподақтар орталығы ұйымдастырған кездесуге 100-ге жуық сенімді өкілдері қатысты. Олардың арасында, белгілі әнші-композитор Марат Ильясов, кикбоксингтен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушылар Сансызбай Ибраев пен Талип Фахрутдинов, белгілі спорт журналисі, қазақстандық спорт баспасөз қауымдығының вице-президенті Нұрғазы Сасаев және т.б. өз саласында үлкен нәтижеге қол жеткізген зиялы қауым азаматтары болды.

Алдымен кандидаттың Республикалық қоғамдық штабының төрағасы, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым жиналған қауымға кеше ғана үкіметтің қаулысына сәйкес, мерекелік күндердің тізбесі Қазақстан кәсіптік одақтары күнімен толығып, жаңа мейрам 10 қазанда аталып өтеді,-деп атап өтті. Сонымен қатар, сайлау науқанында атқарылып жатқан және алдағы маңызды жұмыстарға тоқталды.

Ал, Аманкелді Таспихов өзінің сайлауалды бағдарламасының басты бағыттарын айта келе, еліміздің өңірлерінде сайлаушылармен кездесу барысын, әсіресе ауылдық жерлердегі әлеуметтік сала қызметкерлерінің мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді ала алмай отырғандығын, соған орай Үкіметке еңбек заңнамасына өзгерістер енгізуге үндеу жолдағанын айтты.

Кандидат сенімді өкілдеріне белсенді қызметтеріне алғыс білдіріп, қойылған сауалдарға жауап берді.