Шымкентте кандидат А.Таспиховты қолдау мақсатында спартакиада өтті

Сайлауалды шаралар спорттық жарыстарға ұласты. Шымкентте ҚР Президенттігіне кандидат А. Таспиховтың Түркістан облысы, Шымкент қаласы бойынша аймақтық қоғамдық штабы үміткерді қолдау мақсатында спартакиада ұйымдастырды.

Еліміздегі ең жоғары лауазымға кандидат іріктелетін саяси дода қарсаңында ұйымдастырылып отырған спорттық бәсекенің ашылу салтанатына штаб басшысы Берік Бекжанов қатысып, спортты серік еткен әріптестеріне сәттілік тіледі. Бұл шара спорттың 3 түрі бойынша ұйымдастырылды. Атап айтқанда, шағын футбол, үстел теннисі және шахматтан салалық кәсіподақтар мүшелері қызу тартысты ойын өрнегін көрсетті. Аталған спорт түрлері бойынша 6 команда жарысып, өзара бақ сынасты. Айта кетейік, сайлау қарсаңында ұйымдастырылып отырған спорттық додада «Келешек» жастар кеңесінің мүшелері де белсене атсалысып, жүлделі орындарға ие болды.

Шағын футболдан ауылшаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы командасы, үстел теннисінен – мемлекеттік қызмет және банк қызметкерлерінің салалық кәсіподағы командасы, шахматтан – мәдениет және спорт, ақпарат қызметкерлерінен құралған комманда жеңімпаз атанып, жеңіс төрінен көрінді.