Республикалық штаб мүшелерінің кездесуі шипажайда жалғасты

Бүгін ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың республикалық сайлауалды штабының тең-жетекшісі, ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төраға орынбасары Даулеталин Сатыбалды Телағысұлы бастаған штаб делегациясы сайлауалды шараларын Сайрам ауданында жалғастырды.

Жергілікті халықты айтпағанда, еліміздің өзге де аймақтарынан, тіпті алыс-жақын шет елдерден азаматтар демалып қайтатын «Манкент» шипажайында болып, ондағы еңбек ұжымымен, демалушылармен кездесті. Табиғаты тамылжыған сансыз баптар мекенінен орын тепкен демалыс аймағында өткен емен-жарқын басқосуға 150 адам қатысты.

Сайлауалды шарада штабтың тең-жетекшісі, ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төраға орынбасары Даулеталин Сатыбалды арнайы сөз алып, көпшілікке алда келе жатқан сайлаудың, ең жоғары лауазымға кандидат іріктеудің маңыздылығын түсіндіріп, азаматтарды дауыс беру құқын тиімді пайдаланауға шақырды. Еліміздің ертеңі екшеленетін тағдыршешті бүгінгідей кезеңде енжар қалмай, белсенді болуға шақырды. Кандидат А. Таспиховтың сайлауалды тұғырнамасын түсіндіріп, ондағы жұмыскердің мәртебесін айқындаудағы үміткер ұстанымдарының өзектілігін атап көрсетті. Кандидат А.Таспиховтың еңбек жолы мен көшбасшылығын ерекше екшеп, халық қамы үшін жасаған ұлағатты істерін баяндап берді. Үміткер тұғырнамасында көрсетілген қарапайым еңбек адамының құқы, мүддесін көрсетіп, лайықты еңбекақы, еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша кандидат ұстанымдарын жеткізді.

Тұғырнамада көрсетілгендей «кез келген еңбек адамы үшін оның еңбегіне лайықты ақы төленуі – негізгі шарт болып табылады, себебі осы арқылы тұрғындардың өмір сүру деңгейі мен қоғамдағы жалпы әлеуметтік тұрақтылық анықталады» дей келе кандидат ұстанымдарының бүгінде өзектілігін атап өтті. Сондай-ақ еліміздегі ең белсенді әрі ауқымды да абыройлы ұйым – кәсіподақтың еңбек адамының мүддесін қорғауда атқарып жатқан өлшеусіз еңбектерін баяндады. Қарапайым жұмыскердің құқын қорғауда, түрлі еңбек дауларының алдын-алуда, еңбек қауіпсіздігін сақтауда кәсіподақ ұйымдарының рөлін көрсетіп берді. Сөз кезегін алған шипажай директоры Хамракул Қоғанов та кәсіподақ туралы жылы ой-пікірін білдіріп, кандидат А.Таспиховтың кандидатурасын қолдау үшін жер-жерді аралап, халықпен кездесіп жүрген штаб мүшелеріне алғысын жаудырды. Белсенді топ азаматтардан келген сұрақтарға жауап беріп, сайлаушылар тарапынан айтылған ұсыныстардың сүзгіден өтіп, кандидат назарына ұсынылатынын жеткізді.