Республикалық штаб өкілдерінің қатысуымен алқалы отырыс өтті

Бүгін республикалық штаб өкілдері ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховты қолдау мақсатында ашылған Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша қоғамдық аймақтық штабында болды.

Республикалық сайлауалды штабтың тең-жетекшісі, ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төраға орынбасары Дәулеталин Сатыбалды Телағысұлы штаб мүшелерімен, үміткердің сенімді өкілдерімен, аудандық штаб басшыларымен, кәсіподақ ардагерлерімен кездесті. Аймақтық штаб басшысы Берік Бекжанов аймақта атқарылған, кестелік тізбекке сай ұйымдастырылып жатқан сайлауалды шаралар тізбегін таратып айтып берді. Бүгінде қызу қарқын алған үміткерді қолдауға бағытталған түрлі форматтағы үгіт-насихат шараларды баяндады.

Қазақтың қаймағы бұзылмаған, халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймағында насихат жұмыстарын өз деңгейінде атқару оңай шаруа емес. Алайда, белсенді топ жүйелі ұйымдастыру жұмыстарының арқасында кандидат үмітінің үдесінен шығу үшін барын салып еңбектенуде.

Күнгейдің ыстық күн райына қарамай штаб мүшелері мен сенімді өкілдер аудан-ауданды аралап, тіпті шалғай жатқан ауылдық елді-мекендерге дейін ат басын бұрып, сайлауалды шараларды қызу атқаруда.

«Келешек» жастар кеңесінен, еріктілерден құралған белсенді топ кандидат тұғырнамасы бар кітапшалар мен түрлі насихат парақшаларын орталық саябақ, алаң, базар сияқты халық көп шоғырланған орындарда таратып, жергілікті тұрғындарды сайлауға, үміткер кандидатурасын қолдауға шақырып жүр. Еліміздегі ең жоғары лауазымға үміткер ретінде тіркелген А.Таспиховтың кандидатурасын қолдау мақсатында түрлі сипатта насихат шаралары күн сайын ұйымдастырылуда. Креативті көзқарасты штаб мүшелері насихат шараларын ашық аспан астында, еңбек адамының маңдай терімен жайқалған егістік алаңдарында, бау-бақшаларда, шипажайларда өткізуді жөн көрген.

Мақсат – кәсіподақ атынан еліміздегі ең жоғары лауазымға кандидатурасы ұсынылып отырған А.Таспиховты қолдап, күн өткен сайын маңыздылығы артып отырған сайлауға азаматтарды белсене қатысуға шақыру. Сондай-ақ, А.Таспиховты қолдау мақсатында ұйымдастырылған спартакиада, дебат сынды түрлі шаралардың да жөні бөлек. Штаб басшысы Берік Бекжанов жұдырықтай жұмылған ұжымның ауызбіршілігі мен жауапкершілігінің арқасында өтіп жатқан осындай кесек-кесек шараларды баяндап шықты. Алда атқарылар шаруалар да аз емес. Штаб мүшелері жоспарда тұрған кезекті үгіт-насихат шаралары легін де пысықтап алды.

Штаб жұмысымен етене танысып шыққан Республикалық сайлауалды штабтың тең-жетекшісі, ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төраға орынбасары Дәулеталин Сатыбалды Телағысұлы аудандық штаб басшылары мен сенімді өкілдерге, кәсіподақ ардагерлеріне ризашылығын білдіріп, кандидат А. Таспиховтың алғыс хатымен марапаттап, белсенді топты марқайтып қойды.