Сенімді өкілдердің Жаңақала ауданының ауылдарындағы үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда

28-29 мамыр күндері БҚО Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары, кандидаттың сенімді өкілі Б.Атауов Жаңақала ауданының Бірлік, Жаңаталап, Жаңақала және Пятимар ауылдарындағы жұртшылықпен кездесу өткізді.

Ауылдарда ұйымдастырылған кездесулерге қатысқан ауыл жұртшылығына ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың өмірбаяны, еңбек жолы туралы айтылып, оның кәсіподақ өкілі ретіндегі сайлауалды тұғырнамасы кеңінен таныстырылды.

Қатысушылар сайлауалды тұғырнаманы жылы қабылдап, өздерінің көкейтесті мәселелерін ортаға салды. Мысалы, көп балалы отбасыға төленетін соңғы тағайындалған жәрдемақының бөліну тәртібінде отбасындағы ерлі-зайыпты адам ата-енесімен бірге тұрған жағдайда, өздері жұмыссыз бола тұра ата-енесінің зейнетақысы табыс ретінде есептеліп, айналғанда жәрдемақы төленбейтіні жөнінде, ұстаздар тарапынан зейнеткерліктің 63 жасқа дейін болуы да үлкен мәселе екені, өйткені 30-40 жыл бала тәрбиесімен айналысудың ауырлау екені туралы айтылды, зейнетақы жасын қайта қарау жөнінде ұсыныстар болды, мәдениет саласына қаражат тиісті деңгейде бөлінбеуіне көңілі толмайтындарын жеткізді. Ауылдық жерлерде осы үгіт-насихат қызметі аясында сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастырумен айналысқан белсенділерге кандидаттың атынан алғыс хаттар табысталды.