САЙЛАУАЛДЫ ШАРА КОЛЛЕДЖДЕГІ КЕЗДЕСУМЕН ЖАЛҒАСТЫ

Шымкентте үгіт-насихат жұмыстары жалғасын табуда. Шымкент қаласы білім басқармасының №4 колледжінде еңбек ұжымымен кездесу өтті. 8 түрлі мамандық бойынша кадр даярлайтын айтулы оқу орнында өткен басқосуға 115 адам қатысты.

Жиында «Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары, штаб төрағасының орынбасары, үміткердің сенімді өкілі Серік Әуесханов сөз сөйлеп, жиналғандарды еліміздегі ең жоғары лауазымға үміткер іріктелетін сайлаудың маңыздылығын ескере отырып, көпшілікті саяси додада белсенді болуға шақырды.

Серік Әуесханов Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Аманкелді Сатыбалдыұлы Таспиховтың өмірбаяны мен ел үшін жасаған игілікті істеріне шолу жасады. Тұғырнамаға сүйенген сенімді өкіл Серік Елемесұлы «кез келген еңбек адамы үшін оның еңбегіне лайықты ақы төленуі-негізгі шарт болып табылады» дей келе осы арқылы тұрғындардың өмір сүру деңгейі мен қоғамдағы жалпы әлеуметтік тұрақтылық анықталатынын жеткізді. Үміткер бағдарламасымен танысып шыққан колледждің еңбек ұжымы насихат тобына түрлі сауалдар жолдап, тұшымды жауаптар алды.

Жиында аталған колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, директордың уақытша міндетін атқарушы Абилдаев Ғалымжан сөз сөйлеп, кәсіподақ туралы және кандидат А.Таспиховтың бағдарламасына қатысты оң ой-пікірін білдірді. 2,2 млн. астам кәсіподақ мүшесі бар еліміздегі ең ауқымды ұйымның еңбек адамының мәртебесін көтеруде атқарып жатқан ауқымды шаруаларын ортаға салды.