Ұстаздар қауымы кандидат А.Таспиховты қолдайды

2019 жылдың 4 маусымында Бөрлі аудандық білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы «Кәсіподақ ұйымы және оның қоғамдық бақылауды жүзеге асыруының рөлі» атты дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстел жұмысына БҚО білім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы, кандидаттың сенімді өкілі М.Даупаев, сонымен қатар бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары мен еңбек қауіпсіздігі жөніндегі жауапты мамандары қатысты.

Күн тәртібінде «БҚО Бөрлі ауданының балалар саз мектебі» МКҚ бастауыш кәсіподақ төрайымы және техникалық инспекторы Р.Ибрашева «Білім және ғылым ұйымдарындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес туралы» баяндамасымен таныстырды. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің басты мақсаттары мен міндеттері, сонымен қатар техникалық инспектордың атқарған жұмысы туралы мәлімет берді. БҚО мемлекеттік еңбек инспекторы Е.Сиражев еңбек қауіпсіздігі туралы баяндады.

Дөңгелек үстелдің басты мақсаты – бастауыш кәсіподақ жұмысындағы құжаттардың жүргізілуіне әдістемелік қолдау көрсету, бағыт бағдар беру.

Кездесу соңында ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың сенімді өкілі М.Даупаев кандидаттың еңбек жолы және еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғауды негізге алған сайлауалды тұғырнамасы туралы толығырақ таныстырып, қатысушыларды алдағы сайлауға ұйымшылдықпен белсенді қатысып, кандидатқа дауыс беруге шақырды.