А.Таспиховтың сенімді өкілі сайлаушылармен жүздесті

Ұжымдық шарттың болуымен жұмысшы қорғалған болады. Алайда, көп жұмыс берушілер ұжымдық шарт жасап, өзіне міндеттеме алудан қашқақтайды. Бұл туралы ҚР Президенттігіне үміткер А.Таспиховтың бағдарламасында айтылған.

Білім қызметкерлерінің Кәсіподақтар үйінде өткен жиында үміткердің сенімді өкілдері сайлаушыларды А.Таспиховтың сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді.

– ҚР Президенттігіне үміткер Аманкелді Таспиховтың сайлауалды тұғырнамасының ең негізгісі – осы ұжымдық келісімшарт. Ұжымдық келісім-шартта жұмысшыларға әлеуметтік қолдау көрсету, еңбекақы жүйесін ынталандыру, еңбек жағдайын жақсарту бойынша қосымша іс-шараларды қарастыруға болады. Қазір елімізде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың тек 41 пайызында ғана ұжымдық келісім-шарт жасалған. Біздің кандидат өз бағдарламасында меншік түріне қарамастан барлық кәсіпорындар мен ұйымдарда міндетті түрде заң аясында ұжымдық келісім-шарт жасалуына қол жеткіземіз деген ниетте, – деді Ерұлан Мағзымбеков.

Жиын соңында ақпараттық парақшалар таратылып, азаматтық белсенділік танытуға үндеген жалынды сөздер айтылды. Сайлаушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар қайтарылды.