ЖАСТАР САЙЛАУАЛДЫ КЕЗДЕСУ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

Сайлауалды шаралар ұйымдастыруда жастар да белсенділік танытуда. ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховты қолдау мақсатында ұйымдастырылып жатқан концерт, дебат, спорттық шаралардың қақ ортасында жүрген белсенділер үгіт-насихат бағытындағы кездесулерге мұрындық болуда.

«Келешек» жастар кеңесінің мүшелері Ордабасы ауданы Амангелді ауылында орналасқан «Санаторий Қайнар» ЖШС-де болды. Еңбек ұжымымен, емделушілермен кездесу өткізген белсенділер жиналған азаматтарға алда келе жатқан сайлаудың маңыздылығын, ерекшелігін түсіндіріп, дауыс беруде белсенділік танытуға шақырды. Айта кетейік, санаториялық курорттық емдеу бағытында жұмыс істейтін орталықта 5 бірдей емдік корпусы жұмыс істейді.

Емдеу мекемесінің айырмашылығы сол, мұнда дәрігерлер ыстық сумен, термалды сумен асқазан дертінен өзге барлық ауру түрлерін емдейді. Мұнда жергілікті халықты айтпағанда еліміздің өзге де аймақтарынан демалуышлар келіп, ем-дом алады. Сайлауалды кездесуде «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Бақнұрбек Садықов ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың сайлауалды тұғырнамасын кеңінен түсіндірді. Ондағы үміткердің еңбеккер мәртбесін көтеру мақсатындағы бағыт-бағдар ұсыныстарын талқылады. Еңбек шарты, еңбеккер құқы, мүддесі турасындағы кандидаттың ой-пікірін ортаға салды.

Сондай-ақ,үміткердің сенімді өкілі еңбеккерлерге тұрақты әрі лайықты жалақы төлеуге, еңбек қауіпсіздігіне қатысты А.Таспиховтың ұсыныстарын жеткізді. Белсенділер сайлаушылардың сұрақтарына жауап беріп, олар тарапынан түскен ұсыныстардың кандидат назарына жеткізілетінін айтып тарасты.