САЙЛАУАЛДЫ БАСҚОСУ БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫНДА ЖАЛҒАСТЫ

Шымкенттегі белсенділер де сайлауалды шараларын жоғары деңгейде атқаруда. Бұл жолғы басқосу Ғ.Илияев көшесі-23 а үйде орналасқан Халықаралық білім беру «Study Inn» орталығында өтті. Орталықтың Шымкент қаласы филиалының қызметкерлерімен кездесуге жалпы 20 адам қатысты. Айта өтейік, азаматтарға шет тілін үйрететін мекемеде 25 адам жұмыс жасайды, оның ішінде 20 ағылшын тілі пәнінің оқытушысы, 5 жұмысшы.

Кездесуді филиал басшысы Айгүл Ерсұлтанова ашып, Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Аманкелді Сатыбалдыұлы Таспиховтың бағдарламасымен таныстыру үшін «Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары, штаб төрағасының орынбасары, үміткердің сенімді өкілі Әуесханов Серік Елемесұлына сөз берді. Кандидаттың сенімді өкілі Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Аманкелді Сатыбалдыұлы Таспиховтың өмірбаянымен, сайлауалды тұғырнамасымен, оны Республиканың және Шымкент қаласының жағдайымен нақтыланған мәліметтерімен қоса таныстырып, сайлауға қатысуға және кәсіподақтан ұсынылған үміткерге дауыс беруге шақырды. Қауіпсіз еңбек жағдайы, жауапсыз жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру бойынша үміткер ұсыныстарын ортаға салды.

Тұғырнамаға сүйене келе үміткердің сенімді өкілі еңбек адамдарына лайықты еңбекақы төленумен бірге олар үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын да жасау өте маңызды шарт болып табылады деді. Өйткені, адамның өмірі мен денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Сондай-ақ сенімді өкіл алдағы сайлаудың халықтың болашағы үшін өте маңызды екенін ескеріп, бірауыздан сайлаудан тыс қалмай қатысуға шақырды.

Кездесуде білім саласының ардагері Айткүл Савлебаева кәсіподақтан ұсынылған үміткерді қолдайтындықтарын білдіріп, сайлауға қатысу арқылы өз таңдауларын жасауға шақырды. Сондай-ақ еліміздегі абыройлы ұйым кәсіподақтың еңбеккер мәртебесін көтеруде атқарып жатқан жұмыстары мен болашақтағы бағыттары мен жоспарларын, мүмкіндіктерін баяндап берді.