САЙЛАУАЛДЫ ҮГІТ-НАСИХАТ НАУҚАНЫ БЕЙНЕУ АУДАНЫНДА ЖАЛҒАСУДА

Қиян даланың бір қиырында, елдің шеті, желдің өтінде жатқан, бұл күнде талайдың назарын өзіне аударып келген Маңғыстаудың ең ірі ауданы -Бейнеу ауданының тұрғындарымен Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Аманкелді Таспиховтың сенімді өкілдері кездесу өткізді. Бейнеу ауылы 1973 жылдан бері аудан орталығы болып келеді. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының саны – 52 725 адам. Халықтың басым бөлігі бюджеттік салада, темір жол саласында жұмыс істеп, шағын кәсіпкерлікпен, өндірістік мекемелерде, мысалы, мұнай және газ, ұлутас карьерлерінде, сондай-ақ, мал шаруашылығымен айналысады.

Кездесу барысында үміткер А.Таспиховтың сенімді өкілі, аймақтық қоғамдық штаб жетекшісінің орынбасары Матаев Тельман Қамидоллаұлы жиналған жұртшылыққа үміткердің сайлауалды тұғырнамасымен кеңінен таныстырып, тұғырнамада көрсетілген әр мәселеге жеке тоқтап, өз көзқарасын баяндап берді. «Еңбек адамы және еңбек қоғамы үшін тұғырнамада көтерілген мәселелер, яғни лайықты еңбекақы, еңбек қауіпсіздігі, экономика дамығын дәуірде жосықсыз жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру, ұжымдық шарт жасасудың маңыздылығы сияқты мәселелер сайлаушылар тарапынан қолдау табатындығына сенімдімін»- деді Т. Матаев.

Сенімді өкіл, облыстық «КЕЛЕШЕК» жастас кеңесінің төрағасы Оралов Данияр тәуелсіз еліміз үшін, халықтың қамы үшін қызмет ететін үміткерді таңдау- Қазақстан азаматының борышы екендігін және алдағы саулада осы борышын орындап, жаппай дауыс беруге шақырды.

Кездесу соңында қатысушылар үміткердің тұғырнамасында көрсетілген мәселелерге оң пікірлерін білдіріп, сенімді өкілдерге қызықтырған сұрақтарын қойып,жауаптарын алды. Жалпы жиынға 200-ге жуық адам бас қосып, үгіт- насихат материалдары таратылды.