Қауіпсіз еңбек жағдайы – басты назарда

Кәсіподақтардан ел Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспиховтың тұғырнамасында басымдылық берілген тезистерінің бірі – еңбек қауіпсіздігі мәселесі.

Қызылорда облысы аймақтық штаб өкілдерінің кезекті сайлауалды кездесулері ​ 5 маусымда «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынында жалғасты. ​ Кандидаттың сенімді өкілдері, аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Серік Сермағамбетов,​ құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы облыстық салалық кәсіподағы төрағасы Серік Мырзаханов еңбек ұжымы ортасында кәсіподақтардан ұсынылған кандидат А.Таспиховты үгіттеу жұмыстарын жүргізді.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Серік Сағитжанұлы кандидаттың тұғырнамасында көтерілген жалақыны көтеру, еңбек қауіпсіздігін күшейту, жұмысшылардың еңбек құқығын қамтамасыз ету бағыттарындағы мәселелердің өзектілігін атап өтті.​ 700 -ге таяу жұмыскері бар Қызылорда су жүйесі мекемесі үшін де бұл мәселелер маңызды. Жыл басында аталған мекеменің жұмыскерлері қысқартылуы бойынша аумақтық кәсіподақтармен бастауыш кәсіподақ ұйымының берлескен шаралары нәтижесінде қысқартуға ұшыраған жұмыскерлерге жұмыс ұсынылып, еңбек заңы талаптары мен Ұжымдық шарт ережелері сақталуына қол жеткізілген болатын. Сонымен қатар, еңбек жағдайында жазатайым жағдайлардың алдын-алу шараларын күшейту туралы ұсыныстары жасалған.

Коммуналдық шаруашылық қызметкерлері кәсіподақтар кандидаты Аманкелді Таспиховтың тұғырнамасымен танысып, сенімді өкілдермен еңбек –әлеуметтік жағдайлары бойынша пікірлесіп, өз ойларымен бөлісті.