«Кәсіподақ мақсаты – еңбекшілер мүддесін қорғау» ұранымен сайлауалды іс-сапар жалғасуда

Үміткер А. Таспиховтың Маңғыстау облысы бойынша қоғамдық штабының өкілдері Бейнеу ауданында сайлаушылармен кездесті. Бейнеу ауданындағы сайлауалды жұмыс сапары барысында сенімді өкілдер ауданға қарасты алты ауылдың, атап айтқанда Бейнеу, Боранқұл, Тұрыш, Сам, Сарға, Есет ауылдарының тыныс-тіршілігімен танысып, бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралады. Бейнеу ауданының қарашаңырағы Сам ауылында сайлаушылармен кездесу өткізді.

Сам ауылында 500-ден астам адам тұрады. Ауыл тұрғындарына мектеп балабақша кешені, медициналық пункт, Қазпошта бөлімшесі, АТС байланыс торабы, Билайн байланысы қызмет көрсетеді. Ауылдағы үйлер газ, электр энергиясы және ауызсумен толық қамтылған. Ауылдық округке қарасты Ноғайты ауылында 270-ке тарта тұрғын бар. Аймақтық қоғамдық штаб өкілдері келген жиынға екі ауылдың да адамдары қатысып,насихат шарасында үміткердің Маңғыстау облыстық қоғамдық штабының жетекшісінің орынбасары, үміткердің сенімді өкілі Матаев Тельман алдағы сайлаудың саяси маңыздылығына тоқталып, көпшілікке үміткердің өмірбаянымен таныстырды. Сондай-ақ үміткердің сайлау алды тұғырнамасын және еңбек жолын жиналған қауымға кеңінен түсіндірді. Тельман Матаев онда қамтылған еңбек қауіпсіздігін сақтау, сыртқы жəне ішкі миграция жайы туралы келелі әңгіме қозғады.

«Біздің бірлігіміз артқан сайын, ішкі татулығымыз артқан сайын сырттың да ерекше қадірлейтіні, құрметтейтіні бар. Осы тұрғыдан келгенде мыңдаған ғасырлық ғұмыры бар біздің арғы қазақ көне түріктер, бүгінгі қазақтар қашан да бірлігі болған кезде, ынтымағы артқан кезде айдарларынан жел есіп әлемге танылған болатын. Керек десе әлемге өркениет жайған халықпыз. Олай болса бүгінгідей сындарлы сәтте де сайлауды өз деңгейінде өткізіп, барымызды бағалауымыз қажет»- деді, сөз соңында сенімді өкіл Т.Матаев.

Сөз сөйлеген сенімді өкілдер еңбек адамының қоғамымыздың құндылығы екенін және кәсіподақтар әрдайым еңбек адамының қорғаушысы екенін екшеді. Штаб өкілдері келген көпшіліктің сұрақтарына жауап беріп, бүгінгі еңбек адамының рөлі мен орнын айқындады.

Кездесуге орталықтың 70-тен аса тұрғыны қатысты. Жиын соңында қатысушыларға үгіт-насихат материалдары таратылды.