Үгіт-насихат жұмыстары мәреге таяды

Ағымдағы жылдың маусым айының 7 күні «Евразия» Туристік – сауықтыру кешенінде Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ мүшелерінің арасында волейболдан жарыс өткізілді.

Жарысқа облыстық білім беру ұйымдары, қалалық мектептер, колледждер мен облыстық мектептер және Шыңғырлау аудандық А.Тихоненко атындағы мектебі құрама командалары қатысты. Құрама командалар жарыс ережесіне сәйкес волейбол ойынына белсенді қатысты. Сонымен қатар, жанкүйер ретінде арнайы шақырылған бастауыш кәсіподақ ұйымдарының белсенді төрағалары көңілді музыкалық әуен тыңдап, табиғат аясында демалды.

Жарыс барысында ҚР Президенттігіне кандидат А.Таспиховтың сенімді өкілі М.Даупаев жарысқа қатысушыларға кандидаттың өмірбаяны туралы айтып, сайлауалды тұғырнамасымен таныстырып, сайлауға беленді қатысып, кандидатқа дауыс беруге шақырды.

Барлық жарысқа қатысқан құрама командалар дипломмен марапатталып, құрама команданың мүшелеріне Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Марат Даупаев заттай естелік сыйлықтар табыс етті. Биылғы жылы кәсіподақ жұмысын жандандыруға атсалысқан бірқатар белсенді кәсіподақ жетекшілері де білім саласының облыстық кәсіподақ тарапынан құрмет грамоталармен марапатталып, сыйлықтар алды. Кәсіподақ мүшелері бүгінгі өткізілген шараға ризашылықтарын білдіріп, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.