ЖАҢА ФОРМАТТА ӨТКЕН СЕМИНАР

Кәсіподақ жұмысындағы ең бір маңызды сала – ұйым мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғаумен шектелмей, сондай-ақ олардың жаңа талапқа сай сауаттылығын арттыру болып табылады. Міне, осы межеден шығу мақсатында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі өткен жылы есеп-беру сайлау жиналысында жаңадан сайланған төрағаларды оқытуды жаңаша ұйымдастырды.

Атап айтқанда, облыстық ұйым Батыс Қазақстан облысындағы «Ақжайық» шипажайы аясында жаңа сайланған 40 жетекші қатысқан үш күндік семинар өткізді. Кеңес жұмысын қоғамдық бірлестіктің төрғасы Қ.Сүндетұлы қысқаша сөз сөйлеп ашты. Келесі сөз кезегін алған шипажайдың директоры А.Т. Сафуллин келген қонақтарға жүрек жарды ыстық тілегін білдіре отырып, мекеменің емделушілерге көрсететін қызмет түрімен және болашақ жоспарларымен таныстырды.

Семинарда қоғамдық бірлестіктің бас есепшісі Ж.К. Бисембиева «Бастауыш кәсіподақ ұйымының қаржылық және тексеру жұмыстарын жүргізу», заңгері Ю.А. Айбосынова «Кәсіподақ туралы заңнама. Келісу комиссияларының қызметін ұйымдастыру», бас маманы З.Қ. Бекмұхамбетова «Кәсіподақ мүшелерін есепке алу және кәсіподақ құжаттарын рәсімдеу тәртібі» және іс жүргізуші А.Б. Ғұмарова «Білім беру және кәсіподақ ұйымдарында іс жүргізу тәртібі туралы» тақырыбында слайд арқылы баяндамалар жасады. Келесі күні тыңдаушылардың қатты қызығушылығын туғызған дәрісті «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы-тренері Б.Қ. Тұрғанова жүргізді. Тренингте «Жылулық шуағы», «Кемпірқосақ», «Геометриялық фигура психологиясы» және т.б. сабақтары ойын-ойлау жүйесімен жүргізілді. Семинарға қатысушылар көкейлерінде жүрген сан сұрақтарына жауап алып, түстен кейін мүмкіндігінше ем-дом алды. Сондай-ақ облыс орталығының көрнекті жерлеріне саяхат жасап, өлкетану мұражайында болды.

Кәсіподақ ұйымының жаңа тұрпатта өткен семинар жұмысына қатысушылардың  ризашылығы көп болды.