Күш – бірлікте!

Бүгін, 25 маусымда Қызылорда облысының аумақтық кəсіподақтар бірлестігінің кезектен тыс Үйлестіру Кеңесі өтті.

Үйлестіру Кеңесінің күн тәртібінде Түркістан облысы, Арыс қаласында 2019 жылдың 24 маусымында орын алған төтенше жағдайға байланысты кәсіподақтар тарапынан қабылданатын шаралар мәселесі талқыланды. Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы төрағасы С.Сермағамбетов апаттың ауқымдылығын, Арыс халқының қиын жағдайға ұшырауы туралы айта келе, зардап шегуші отандастарға көмек жасауды, қолдау көрсетуді ұсынды.

Үйлестіру кеңесі мүшелері Кәсіподақтар федерациясының төтенше жағдайға байланысты Үндеуін толықтай қолдап, зардап шеккендерге көмек жасау жұмыстарына жұмыла бірігетіндіктерін білдірді.

Кәсіподақ ұйымдарының қызметкерлері Арыс қаласындағы зардап шеккендерге көмек ретінде бір күндік жалақыларын аудару туралы ортақ шешімге келіп, зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинақтау бекеті жұмыстарын​ ұйымдастыру барысын пысықтады.