Атырау облыстық үшжақты комиссия отырысы өтті

2019 жылғы 28 маусымда Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастары реттеу жөніндегі облыстық комиссиясының кезекті кеңейтілген отырысы өтті.

Комиссия отырысына облыстық кәсіподақтар өкілдері, облыс әкімнің орынбасарлары мен аудан әкімдері, облыс прокуроры, полиция Департаментінің басшысы, мемлекеттік органдарының өкілдері, кәсіпкерлер палатасы, ТШО, НКОК компанияларының және олардың медігер кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

Отырыс барысында өңірдегі еңбек қатынастары және кәсіпорындарда қызметкерлерді жұмыстан босату, келісу комиссияларын құру, ірі және орта мұнай-газ өндірістік компанияларында өндірістік кеңестерін құру бойынша маңызды мәселелері қаралды.

Атырау облысының кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ізтұрған Баймұханов өзінің баяндамасында  облыс аумағында 80 мыңнан астам жұмысшыларды біріктірген 625 кәсіподақ ұйымдары жұмыс жүргізіп, еңбекшілердің жұмыс жағдайларын жақсартуға бағытталған шараларды қабылдануына, 69 кәсіпорында өндірістік кеңес құрылып 204 техникалық инспектор еңбек қауіпсіздігін жақсартуына өз үлестерін қосып, жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын сақтап қалуды қамтамасыз  етуге септігін тигізіп жатырғанын атап өтті. Еңбекті қорғау, техникалық қауіпсіздікті күшейту бағытында алынып жатқан шараларға қарамастан, ағымдағы жылы өндірісте орын алған 12 жазатайым оқиғаның себебінен 2 адам қаза тауып, 14 адам ауыр дене жарақатын алған.

Еңбек қауіпсіздігімен қатар, жұмыс берушілермен жұмысшылардың еңбекақысын уақыттылы төлемеу, еңбек шарттарын толық көлемде жасақтамау, қосымша жұмыстар үшін өтемақы төлемеу арқылы еңбек заңнамаларының талаптары сақталмауда. Бүгінгі күнге еңбекақы бойынша берешегі бар «Медицина» АҚ (3 млн теңгеге жуық), «Expres Global Stroy» ЖШС (4,2 млн теңге), «Шеркеш Құрылыс» ЖШС (1 млн теңге), «ЭРА» ЖШС (1 млн теңге), «Ватер Энерджи Сервис» (7,2 млн теңге), «Био Фуд Дистрибьюшн» (0,7 млн теңге), «Шырақ ПВ» ЖШС (23,7 млн теңге) кәсіпорын басшылары, оңалту және банкроттық басқарушылары комиссия мүшелеріне өз түсініктемелерін берді. «Water Energy Service» ЖШС-нің үстінен еңбекақы төлемеу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Айта кетерлік жәйт, кейбір берешегі бар жұмыс берушілер арасында арызданған жұмысшыларға еңбекақыны төлеп, ал қалғандарына уәдемен сендіріп еңбекақы төлемеу фактілері де анықталған.

Мемлекет басшысының Жолдауында ірі компанияларға жалақысы төмен қызметкерлердің жалақысын көтеру ұсынылғанымен, Қазақстан Республикасының Еңбек заңнамасымен жұмыс берушіге жұмысшылардың жалақысын көтеру міндеттілігі жүктелмеген. Алайда, бірқатар ірі компаниялармен дер кезінде тиісті шаралардың  қабылданбауы және бірінші басшылармен тиісті түсіндіру жұмыстарының жүргізілмеуі салдарынан, жұмысшылар арасында наразылық акциясының туындауына жол берілуде. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 8 маусымында “Саренс Қазақстан”  компаниясының шамамен 150 қызметкері 3GP (теңіз) зауытының аумағында жиналып, жұмысқа кірісуден бас тартып, өздерінің талаптарын қойып, наразылықтарын білдірді. 2019 жылдың 31 мамыр айында “Денхолм-Жолдас” ЖШС басшылығының атына 79 жұмыскерден жалақы мөлшерін көтеруді талап еткен  ұжымдық өтініш келіп түскен. Бәрімізге мәлім, осы тектес наразылық акциясына әкелу қаупі бар «ЮСС Супорт Сервисез» ЖШС-нде 2015 жылдан бастап осы күнге дейін жалақы мәселесі шешімін таппай келеді. Осы тектес мәселелермен Сичим, СОС Реалти компанияларында да орын алды. Бұл туралы да облыстық кәсіподақ бірлестігінің төрағасы І.Баймұханов көрсетті – кәсіпорындар басшылары жұмысшылармен қарым-қатынастарынан туындайтын қақтығыстардың менсінбей, қажетті шараларды  қабылданбағандықтан мердігер компанияларында ахуал сың көтермейтін дәрежеге жеткенін көрсетті. Тіпті облыстық үшжақты комиссия отырысында компания басшылары қатыспай, орынбасарлары немесе кадр мен заңгерлері келетін әдет пайда болды. Комиссия отырысы жәй ғана отырыс емес – бұл жерде үйлестіру мәселелері қаралады, яғни бұл жерде құқық қорғау органдары, полиция, прокуратура, кәсіподақтар, еңбек инспекциясы, мемлекеттік мекемелермен бірлесіп шешімдері табылмай жүрген сұрақтарды шешу көзделеді.

Күрделі мәселелердің бірі – Теңіз зауытындағы жұмысқа тартылған компанияларда еңбекақы төлеу жүйесі әртүрлі, мысалы бір компанияда жүргізуші 70-250 мың теңге аралығында еңбекақы алатын басқа, басқа компанияда сондай жүргізуші 350-500 мың теңге аралығында табыс табады. Бұнын бәрі теңіздік қызметкерлер арасында наразылықтарды тудырады. Компания басшылары еңбек ұжымдарымен жиі кездесіп, олардың көкейтесті мәселелерін талқыламайды керек – себебі жұмысшылар еңбекақы көтеру немесе басқа еңбек мәселесі туралы арыздарын түсірсе, онда халықтын да айтары бар екенін меңгереді. Өкінішке орай, жұмыс берушілердің өтініштерді уақытында қарап жауап бермеуі, кездесу мен келіссөздер жүргізбеуі, ортақ шешімдерді таппауы еңбек қақтығыстарға әкеліп отырғанын көріп отырмыз.

Облыс әкімі Н.Ноғаев жиналысты қорытындылай әрбір жұмысшы және отандық мен шетелдік кәсіпорындар Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының талаптарын орындауға міндетті екенін, тараптардың құқықтары бұзылған  жағдайда әркім заң шеңберіңде жауапқа тартылатының ескертті.

 

Фото: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі