Еткен еңбек еш кетпейді, ескеріледі

“Түркістан облысы мен Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің белсенді қызметкері, «Келешек» жастар кеңесінің мүшесі, Шымкент қалалық волонтерлар корпусының президенті Жасмин Ашимова мен оның команда мүшелері Арыста болған жарылыс кезінде жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетті.

Халықтың қалыпты өмір сүруіне қолдау білдіріп, қолдан келер қызметін аянбаған белсенді жастарды «ӘКК Shymkent» АҚ төрағасы алғыс хатпен марапаттады.

Қоғамда болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарай алмайтын қыз-жігіттердің еткен еңбегін ескерген ұйым басшылығы оларға алғысын жаудырып, алдағы уақытта да әріптестік жасасуға шақырды. Айта кетейік, “Түркістан облысы мен Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің жанынан ашылған “Келешек” жастар қанатының мүшелері Арыста болған жарылыстан зардап шеккен тұрғындарға барын салып көмек қолын созды.

Жарылыстан бүлінген қаланы ретке келтіру үшін апта сайын ұдайы сенбілік ұйымдастырып отырады. Еріктілер қаланы аралап, тұрғындардың хал-ақуалына қанықты. Олардың мұқтаждығын саралап, қажеттіліктеріне қарай түрлі қызмет түрлерін қамтамасыз етті. Ел ертеңі – жас буын осылайша ел басына күн туғанда жұдырықтай жұмылып, қалың көпшілікке қамқор бола білді.