«Алматы Ақшамы» газеті: “АДАМ ӨМІРІНЕН АРТЫҚ ЕШТЕҢЕ ЖОҚ”

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары федерациясының төрағасы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде  жаңадан жұмыс орындарын ашумен қатар, мүгедектігі бар адамдарды қолдауды да қатаң тапсырған болатын. Бұл ретте еңбек жағдайында мүгедек болған жандарға да әлеуметтік қолдауды күшейткен абзал. Ал олардың қатарын азайту үшін еңбек қауіпсіздігі мәселесіне баса назар аудару керек. Бұл — кәсіподақ жұмысының негізгі өзегінің бірі.

Халықаралық еңбек ұйымының мәлі­метіне қарағанда, әлемде жыл сайын өндірісте 2,3 миллион адам қайтыс болады. Олардың 350 мыңы бақытсыз жағдай­лардың құрбаны.  Екі миллионнан астам адам өндірісте жүріп тапқан ауру-сырқау­дың салдарынан өмірден өтеді екен.

Өндірістік жарақаттың нәтижесінде жыл сайын 313 миллионнан астам адам мүгедек болады.

Қазақстанда жыл сайын өндірістік жарақаттан 200-ден астам адам қайтыс болады. Рас, елімізде жылдан-жылға өндіріс­тегі өлімнің азаюы байқалып отыр. Бірақ соған қарамастан  көптеген кәсіп­орын­дарда өлім-жітім әлі де болса жоғары. Ал оның 65 пайыздан астамы жұмыс беру­шілердің кінәсінен болады.

2017 жылмен салыстырғанда 2018 жылы өндірісте зардап шеккендер 1678-ден 1568-ге азайды. Ал мерт болғандар 244-тен 221-ге қысқарды.

Өндірісте қайтыс болған бақытсыз жағдайлар Қарағанды, Шымкент қалалары мен Түркістан, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарында көбірек орын алған.

Өлім жағдайлары құрылыста, таукен-металлургия кәсіпорындарында, теміржол және автомобиль саласында  көп кездеседі.

Жұмыс берушілер арасында бақытсыз жағдайларды жасыратындар да бар.

Кәсіподақтар федерациясы еңбекті қор­ғау жөніндегі қазіргі жүйе оқыс жағдай­лардың алдын алуға емес, оның зардап­тарын жоюға бағытталған деп есептейді. Сондықтан әлеуметтік әріптестермен бірге еңбек заңдылығын жетілдіруге байланысты мынадай ұсыныстар жасаймыз:

— кәсіпорындарда еңбекті қорғауды басқару жүйесін ендіру;

— жұмыс орындарындағы кемші­ліктерді жою мен құрал-жабдықтардың техникалық жағдайын жетілдіру бағытында жұмыс берушілерге салықтық преференция жасау;

— шет мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, еңбекті қорғау мен еңбек қауіпсіздігіне байланысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту;

—  өндірістегі бақытсыз жағдайлар мен сыр­қаттарды есепке алу мен бақылау жүр­гізудің бірыңғай ақпараттық жүйесін жасау.

Сонымен бірге, Кәсіподақтар федера­циясы Үкіметке «Қауіпсіз еңбек» мемле­кеттік  бағдарламасын қарастыру, өндіріс­тік жарақаттарды азайту мен еңбекті қорғау жүйесін жетілдіруге байланысты кешенді жоспарды бекіту жөнінде ұсыныс жасады.

Ал жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы тиімді еңбек қарым-қатынасын қалыптастырудың басты құралдарының бірі – ұжымдық және жеке еңбек шарты. Ұжым­дық шарт – жұмыс беруші мен жұмыс­шы­лар өкілдері арасындағы жазбаша келісім. Онда қосымша еңбек жағдайлары, еңбек­ақы жүйесін ынталандыру, жұмысшыларды әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі.

2017 жылмен салыстырғанда 2018 жылы ұжымдық еңбек шарты  16 пайызға артты. Үстіміздегі жылдың 1 наурызына дейін 98 167 ұжымдық шарт жасалды. Алай­да, бұл жұмыс істеп тұрған кәсіп­орындар мен ұйымдардың бар-жоғы 41 пайызын ғана қамтиды. Бастауыш кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындардың 98 пайызында ұжымдық шарт жасалған.

Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, кәсіпорында кәсіподақ ұйымы болмаса ұжымдық шарт жасалмайды, осыдан келіп жұмысшылардың құқы қорғалмайды. Мысалы,  осы жылдың ақпан айында Батыс Қазақстан облысындағы «KKS-SІCІM» құрылыс компаниясының жұмыс­шылары еңбекақыны көтеру жөнінде талап қойып, жұмысқа шығудан бас тартты. Жұмыс беруші дер кезінде іс-шара қолдан­бағандықтан әлеуметтік наразылыққа алып келді. Мұндай жағдай еліміздегі басқа да кәсіпорындарда қайталанбас үшін не істеген жөн? Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты  комиссияларда осы мәселені тұрақты түрде қарастырып, меншік түріне қарамастан барлық кәсіпорындар мен ұйымдарда ұжымдық шарттың міндетті түрде жасалуын заңдық тұрғыда бекіту жөнінде Үкіметке ұсыныс жасады.

Жеке еңбек шартын жасауға байла­нысты да осындай проблемалық жағдайлар бар. Еңбек министрлігінің мәліметіне қарағанда, 2018 жылдың басында еңбек қаты­настарына байланысты жұмыс беру­шілер мен бір миллионға жуық жалдамалы жұмысшылар арасында шарт жасалмаған болып шықты. Еңбек шартының болмауы жұмысшыларды еңбек құқын қорғау мүмкіндігінен айырумен бірге, оларды әлеуметтік және зейнетақымен қамтамасыз ету жөніндегі жағдайлардың барлығынан жұрдай етеді.

Мәселен, үстіміздегі жылдың наурыз айында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Абу Даби Плаза» құрылыс алаңында еңбек шарты жасалмай жұмыс істеген «Строй контракт» компаниясының 45 жұмысшы­сы ешқандай ескертусіз, екі айдың айлығын алмай жұмыстан шығарылған.

Осындай келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін әлеуметтік әріптестермен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып, «Еңбек шартын жаса!» республикалық акциясын өткіздік. Акция кезінде 10 мыңнан аса жұмыс беруші 37 мың жұмысшымен еңбек қатынастарына байланысты шарт жасады. Мұның өзі жұмысшылардың құқын қорғап, олардың әлеуметтік жағдайларын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында  биылғы жыл Елбасының бастамасымен Жастар жылы деп жарияланғанын  тағы бір еске салып, олармен қоғамдық-идеоло­гиялық жұмыс жүргізу өте маңызды міндет екенін атап өтті. Президент жастардың еңбек құқықтарын қорғау мәселелеріне де ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты.

Осы ретте кәсіподақ ұйымдарын мазалап отырған ең маңызды мәселе – жас­тардың лайықты жұмыс табуы. Жасыратыны жоқ, елімізде екі қолға бір күрек таба алмай  жүрген жастар көп. Олар бір емес, бірнеше жыл бойы жұмыс іздеумен жүреді. Мұның өзі жастардың қаржылық жағдайын ғана емес, кәсіби дағдыларын сақтау мен жеке тұлға ретінде қалыптасуына да кері әсерін тигізеді. Осыдан келіп  еліміздің еңбек нарығы  қалыпты бола қоймайды.

Сондықтан жастарды еңбекке ара­ластырудың жаңа механизмдерін қарас­тыру қажет. Осы жақында ғана Шығыс Қазақстан облысында жас кәсіподақ белсенділері қатысқан форум болды. Олар талқылаған маңызды мәселенің бірі – жастарды жұмысқа орналастыру. Форумға қатысушылар  оқу орнын енді бітірген жас мамандарды еңбек тәжірибесі жоқ болған­дықтан,  жұмыс берушілер  жұмысқа қабыл­дауға соншалықты құлықты болмайтынын айтып отыр.

Жастарға лайықты көңіл бөлуі үшін  жұмыс берушілерді  экономикалық ынта­ландыру механизмін жасап, оны заңды түрде бекіту керек. Осындай  ұсыныс жасай­мын. Сонда ғана жұмыс беруші­лердің назары жас мамандар мен жұмыс­шыларға  ауады. Еңбек нарығындағы жағдай жақсарып, жастардың жұмысқа орналасуы тиімді шешіле бастайды.

Қазақстанның қазіргі Үкіметі еңбек нарығындағы маңызды мәселелерді шешуге, еңбек ресурстарын тиімді пайда­лануға, адами және әлеуметтік капиталды арттыруға, Президенттің инновациялық жаңғырту саясатын жүзеге асыру  мен әлеуметтік-еңбек саласында белсенді бағыт ұстайды деген сенім бар.

Елбасы жастар жылын ашуға арналған салтанатты жиында жас мамандар мен жұмысшылар қай салада болсын қажет екенін айтқан болатын. Ол рас. Біз жас­тардың ортасында жиі боламыз. Пікірле­семіз. Ұсыныстарын тыңдаймыз. Кәсіп­одақта «Келешек» жастар қанаты бар. Олар да өз қатарластарының мәселелерін терең зерделеуге тырысады. Ең бастысы – мектеп бітірген  жастарға  мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар берген жөн. Олар кәсіп таңдауда қателеспеуі тиіс. Өйткені, келе­шекте еліміздің еңбек нарығындағы жағ­дайдың жақсы болуы мен экономиканың дамуы қазіргі жастарға байланысты. Сондықтан олардың уақыт талап етіп отырған мамандық иесі атанып, лайықты жұмысқа орналасуына бүгіннен бастап қам-қарекет жасаған жөн.

Жас жұмысшылар мен мамандарға  жұмысқа орналасқанда барынша қолдау көрсету керек. Олар кедергілерге тап болмауы тиіс. Еңбек қатынастарына қатысты барлық жағдай жасалғаны жөн.

Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің саяси, әлеуметтік және эконо­микалық өмірінде түбірлі өзгерістер жүзеге аса бастады. Оның бел ортасында жастар жүр. Бұл Қазақстанда демокра­тияландыру процестерінің кең қанат жайғанын аңғар­тады. Осындай оң өзгерістер кәсіподақ қызметін де одан әрі жаңғырту мен жетіл­діруге ерекше серпін беретіні сөзсіз.