Ońtústik Qazaqstan: “КӘСIПОДАҚ ЖҰМЫСЫ САРАЛАНДЫ”

 Альвира ПАЙЫСХАН

 

 

 

Жыл басынан бері еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша 586 тексеру жүргізілсе, оның ішінде 55 еңбек дауы кәсіподақ ұйымдарының қатысуымен шешілді. «Шымкент қалалық кәсіподақтар орталығы» жанындағы татуласу орталығында 392 адамға көмек көрсетілген. Оның ішінде дауларды шешу, психологиялық көмек көрсету, жұмысшылардың құқын қорғау, еңбек қауіпсіздігін сақтау сияқты түйіні қиын мәселелер де бар.

Мұның барлығы Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжановтың қатысуымен өткен брифингте баяндалды.

– Сондай-ақ, жыл басынан бері жұмыс істеп тұрған 21661 кәсіпорынның 1033-не ұжымдық шарт жасалды. Еңбек шартын жасасудың маңыздылығы, цифрлық жүйені енгізу, еңбек заңдылықтарына мониторинг жүргізудің маңыздылығы жөнінде жұмыскерлермен кездесулер жиі өтіп тұрады. Үш жақты комиссия жүргізген жұмыс нәтижесінде жазатайым оқиғалар саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 13-ке азайды. Халықпен тығыз байланыс орната отырып жұмыс істеу – біздің басты міндетіміз, – деді Берік Айдарбекұлы.

Сондай-ақ, жиын барысында кәсіподақ төрағасы төтенше жағдайға байланысты Арыс қаласынан келген азаматтарға жалпы сомасы 720 мың теңгенің көмегі көрсетілгенін атап өтті. Мекеме жанындағы «ПРОФТУР» туризм орталығы бүгінгі таңға кәсіподақ мүшелері мен өңір тұрғындарының қажеттілігіне сәйкес 13 шипажаймен келісім жасап, 63 жолдама алған, олардың 59-ы шипажайларға және төртеуі балалардың жазғы лагеріне тиесілі.

Айта кетерлігі, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігімен байланыста жұмыс істейтін 2070 кәсіподақ ұйымы бар, оның 10-ы Түркістан облыстық және 2-еуі Шымкент қалалық салалық кәсіподақтар бірлестігі мен филиалдары.

http://okg.kz/article/?id=17845&alias=kasipodaq-zhumysy-saralandy