«Soltústik QAZAQSTAN» облыстық қоғамдық-саяси газеті: “ЕҢБЕК НАРЫҒЫНДА ТҮЙТКІЛ КӨП”

Ел алдында тұрған түйінді міндеттерді жүзеге асыру экономикалық және саяси жүйелерді жаңғыртуға, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға жаңа серпін береді.

Сонымен бірге тұрғындардың табысын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, жаңа жұмыс орындарын құру, тұрғын үй мәселесін шешу, әділ әлеуметтік саясат жүргізу, өңірлерді дамыту, жастарға қамқорлық сияқты өмірлік маңызды мәселелер саяси қайта құрудың жаңа кезеңінің негізін қалағалы отыр.

Қазақстанның жаңа даму бағы­тына кәсіподақтардың көзқарасы қандай? Бұл үрдіс барысында біз қандай рөл атқармақпыз? Кәсіп­одақтар федерациясы, әрине, қайта жаңғыртуды қолдайды.

Кәсіподақтар азаматтық қоғам­ның негізгі тіректерінің бірі болған және алдағы уақытта да солай болып қала бермек. Сондықтан жақын арада атқарылуы тиіс ора­сан зор жұмыстың бір бөлігін біз өз мойнымызға алмақпыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жо­­март Тоқаев билік пен қоғам арасындағы үнқатысуды одан әрі дамыту қажеттілігін атап өтті. Біз, әрине, келіссөздер үрдісін, қайда және қалай бағыт алуымыз керек­тігі туралы қоғамдық пікірталасты ұйымдастыруға мүмкіндік беретін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғанын қолдаймыз. Мемлекет және қоғам тарапынан туындай­тын қоғамдық пікірталас боларына баса назар аударғым келеді. Біздің тілек-мүддеміз туралы ашық, адал диалог құру керек.

Мемлекетте қалыптасқан жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдай­лар, ең алдымен, әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бо­йынша келісілген іс-шаралар жүр­гізу тұрғысынан әлеуметтік серік­тестікті нығайтуды қажет етеді. Бүгінгі таңда Қазақстанда әлеуметтік серіктестердің бірлескен күш-жігерінің арқасында осы саладағы түйткілді мәселелерді шешуге мүмкіндік бар. Бұл билік пен бизнестің үшжақты комис­сиялар аясында кәсіподақтармен келіссөздер арқылы барлық мәселені шешуге дайын болуын талап етеді.

Президент Қасым-Жомарт То­қаев Қазақстан дамуының негізгі бағыттарының бірі ретінде тұрғын­дардың табысын арттыруды ай­қын­дап берді. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің әлеуметтік-экономика­лық дамуының маңызды міндет­терін анықтай отырып, қазақстан­дықтардың өмірі мен әл-ауқатын жақсарту қажеттігін атап өтті. Біздің ойымызша, бұл мақсатқа жету үшін өндіріс нәтижелерінің әділ бөлінуін қамтамасыз ету және кедейлікті жою қажет. Кәсіподақтардың пікірінше, ең маңызды мәселе – еңбекақының аздығы. Жұмыс істейтін адам өзін-өзі толық қамтамасыз етуі тиіс: оның жұмысы неғұрлым әділ әрі лайықты бағаланса, бюджетке түсетін ауыртпалық та соғұрлым азаяды.

Жалақының аздығынан әлеуметтік капиталды молайтудың экономикалық тиімділігі төмендейді, тұрғындардың денсаулығы нашарлайды, толық еңбекке жарамсыздық кезеңі қысқара түседі. Жастар саналы жұмысқа күмәнмен қарай бастайды. Ең төменгі еңбекақы отбасының барлық шығындарын қамтитындай болуы тиіс. Сонда ғана әділдіктің алғышарттары жасалуы мүмкін.

Көлеңкелі экономика мен көлеңкелі еңбек қатынастары (негізінен еңбекке жаңа араласқан жастар мен еңбекші-мигранттар кіретін сала) экономикалық және әлеуметтік қауіп төндіріп тұрғандықтан да еңбекақыны арттыру қажет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі экономикалық және саяси өрлеудің маңызды тетіктерінің бірі ретінде жаңа жұмыс орындарын құруды, лайықты еңбекақы төлеуді атап өтіп, сонымен қатар адами капиталды дамытуға бағытталған әділетті әлеуметтік саясатты қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.
Кәсіподақтар жоғары техноло­гиялық, лайықты және білікті жұ­мыс орындарын құруға мүдделі және өңірлерде осы үрдісті бақылауға дайын. Әрбір жұмыс орны – бұл еңбекақы, салық, тұрақты даму. Бірақ бұл жұмыс лайықты еңбек шарттарына сай болуы керектігін тағы бір қайталап айтамын. Ол үшін кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасаған жөн. Біздің экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігі, қоғамның гүлденуі кәсіпкерліктің дамуына тікелей байланысты.

Кәсіподақтар экономиканың инновациялық дамуына бағытталған шараларды да қолдайды. Инновация дегеніміз – тек жаңа технологиялар емес, ол сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылымға инвестиция құю, қызметкерлердің біліктілігін арттырудың жалпыұлттық жүйесін қалыптастыру, әлеуметтік серіктестік институттарын дамытуды да қамтуы қажет.

Егер еңбек нәтижелері тең бөлінбесе, инновациялық даму мен жаңғырту жақсы ниет болып қана қала бермек. Сондықтан жұ­мысшылардың жалақысын көтеруге кәсіподақтар ғана емес, әлеуметтік серіктестіктің барлық та­раптары мүдделі болуы тиіс деп санаймыз.

Теңіздегі соңғы оқиғалар көші-қон саясатын жетілдіру қажеттігін нақты көрсетіп берді. Жоғары білікті шетелдік мамандарды тарту тек озық тәжірибе алмасу тұрғы­сынан қарастырылуы керек. Көші-қон және шетелдік жұмыс күшін пайдалану елдегі қолайлы инвестициялық ахуалды жақсартып, жұмыс күші жетіспейтін аймақтардың көші-қон тартымдылығын арттыратындай деңгейде болғаны абзал. Екіншіден, заңсыз көшіп келушілерге салынатын айыппұлдар заңсыз көші-қоннан түсетін түсімдерге қарағанда әлдеқайда жоғары болуы тиіс. Үшіншіден, мигранттар арасында «жалдамалы жұмыс күшін» қолдануға жол берілмеуі тиіс. Жұмыспен қамтудың кейбір жекеменшік агенттіктері бұған жол беріп отыр.

Біз өңірлердегі билік органдарымен бірлесіп, шетелдік жұмыс күшін тарту азаматтарымызға зиянын тигізбеуіне күш саламыз. Шетелдіктер біздің азаматтарға аса қажет емес жұмыс орындарына ғана орналасуы керек. Еңбек көші-қоны еңбек нарығы мен қазақстандықтардың жұмыспен қамтылуына теріс әсер етпей, елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге бағытталғаны жөн деп санаймыз.

Мемлекеттік маңызы зор және сонымен қатар әр адамға тікелей қатысы бар басым бағыттардың тағы бірі – еңбекті қорғау. Республика бойынша жазатайым оқиғалар мен өндірістік жарақаттар санының біршама азайғанына қарамастан, бұл саладағы ахуал әлі де күрделі. Жыл сайын дерлік қайғылы жағдайлар орын алып жатыр: өндірістік апаттар қаншама адамның өмірін жалмауда.

Сондықтан оларды тергеудің және апаттардың алдын алу жұмыстарының маңызы зор. Осыған орай, ең алдымен, өз жұмысшыларын қауіпсіз жұмыс орындарымен қамтамасыз еткен жұмыс берушілерді экономикалық әдістермен ынталандырған абзал.

Кадрлардың біліктілігін арттыру мәселесінің де өзектілігі артып келеді. Бүгінгі таңда Қазақстанның еңбек нарығында айтарлықтай түйткілдер бар.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде жалдамалы жұмысшылар саны 6 миллион адамнан асады. Олардың 20 пайызының орта білімі ғана бар. 400 мыңнан астам адамның 32 пайызы – тек орта білімі бар жұмыссыздар. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2 миллион адамның шамамен 50 пайызының орта білімі ғана бар.

Кәсіподақтарды толғандырып отырған тағы бір маңызды мәселе – жастарды жұмыспен қамту. Елдегі нақты жағдай жастар арасында жұмыссыздықтың белең алғанын көрсетіп отыр. Бір жыл немесе одан да ұзақ уақыт бойы жастардың екі қолға бір күрек іздеп сенделуі олардың тек қаржылық жағдайына ғана емес, сонымен қатар кәсіби дағдыларын сақтап қалуына, өзін-өзі бағалауына да кері әсерін тигізері сөзсіз.

Еңбек нарығында жастарды қорғаудың жаңа тетіктерін әзірлеу қажет. Біз жастарды жұмысқа көптеп қабылдаған жұмыс берушілерді экономикалық тұрғыдан ынталандыру тетіктерін әзірлеп, оны заңнамалық тұрғыда бекітуді ұсынамыз. Мұндай шаралар жастарды жұмысқа орналастыруға оң ықпал етпек.
Қазіргі Үкімет жұмысшыларға да, экономикаға да, мемлекетке де тиімді қазақстандық еңбек нарығын дамыту мәселелерін шешуге бағдарланған жұмыс жүргізеді деген ойдамыз. Еңбек ресурстарын ұтымды пайдалану, адами және әлеуметтік капиталды ұлғайту әлеуметтік және еңбек мәселелерін түбегейлі шешуге және Президенттің инновациялық қайта құрулар бағытын жүзеге асыруға ықпал етпек.

Біз жаңа Қазақстанның қалыптасуына бұған дейін де белсене қатысқанбыз, сол бағытымыздан таймақ емеспіз. 2 миллионға жуық адам мен 22 республикалық салалық кәсіптік одақтардың басын біріктіріп отырған Кәсіподақтар федерациясы халықтың әл-ауқатын арттыру, қоғамда қайта жаңғырту құндылықтарын қалыптастыру және қазіргі әрі болашақ ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктер жасау, еңбек адамының өмір сүру сапасын жақсарта түсу бағытындағы жұмыстардың көшін бастай бермек.

Бақытжан ӘБДІРАЙЫМ,
Қазақстан Республикасы
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы

«Soltústik QAZAQSTAN» облыстық қоғамдық-саяси газетінің 2019 жылғы 8 тамыздағы саны

http://www.soltustikkaz.kz/index.php/leumet/7602-e-bek-nary-ynda-t-jtkil-k-p?fbclid=IwAR085L5yh6aNM0wOhAZc2OvbXk0KEITjEKnUeI2zxh1PNp8oJTOlb04kpoM