Аткарылған жұмыстар қорытындыланды

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігімен атқарылған жұмыстардың 6 айлығы қорытындыланды. 8 тамызда Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Үйлестіру Кеңесінің отырысы өтті. ​

Жиын басында аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағамбетов жаңадан сайланған пошта қызметкерлері облыстық кәсіподағының төрайымы Айгүл Темірбекованы Үйлестіру Кеңесі мүшелеріне таныстырып өтті.​

С.Сермағамбетов аумақтық кәсіподақтар бірлестігімен 2019 жылдың 6 айында атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алдағы нақты міндеттерді атап өтті.​ Облыс кәсіподақтарының​ Үйлестіру кеңесі мүшелері ​ кәсіподақтар қозғалысының қағидаттарымен сабақтасатын Мемлекет басшысының әлеуметтік реформаларды жаңғырту бағыттарына қолдау білдірді, алдағы жұмыстардың осы бағыттарда жалғасатындығы жайлы ойларын жеткізді. ​

Сонымен қатар, отырыста Жалпыға ортақ Еңбек қоғамы идеясын ілгерілету мақсатындағы «Еңбек жолы» республикалық байқауы мен Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсына ұйымдардың қатысу барыстары жайы, 10 қазан-Кәсіподақтар күнін атап өту шаралары жайлы мәселелер талқыланды.

Үйлестіру Кеңесі отырысының шешімімен ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестердің құрылуы, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың жұмысы жүргізілуін жандандыру мақсатында акция жарияланып, салалық кәсіподақтар мен әлеуметтік әріптестер қатысуымен жұмыс тобы аудандарда, елді мекендерде мониторинг жұмыстарын жүргізетін болып ұйғарылды.