ҚРКФ төрағасы Бақытжан Әбдірайым мен Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды

12 тамызда ҚРКФ төрағасының еліміздің оңтүстік аймағына іс-сапары барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен Шымкент қаласының әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайым мен Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов қол қойды.

Меморандумның талаптарына сәйкес екі тарап әлеуметтік бастамаларды, оның ішінде еңбек жағдайларын жақсарту, жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау, еңбек дауларын болдырмау және шешу, Еңбек заңнамасын сақтау, жұмыскерлерге лайықты еңбекақы төлеу мәселелерін қадағалауды жүзеге асыратын болды.

– Бүгінде Кәсіподақтар федерациясы – 2 миллионнан астам адамды  біріктіріп отырған еліміздегі аса ірі қоғамдық ұйым. Өңірімізде жұмыс істеп жатқан 2 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымдары, оның ішінде Шымкент қаласы бойынша 414 бастауыш кәсіподақ ұйымдары еңбек дауын шешуге, еңбекшілердің құқығын қорғауға, еңбек шарттары мен қауіпсіздігін жақсартуға ықпал етіп, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы басты медиатор болып отыр. Елбасымыз атап өткендей, Кәсіподақтар федерациясы еңбек саласын жаңғыртуға бастамашы болуы тиіс, сондай-ақ жұмыс берушілермен бірге қазақстандықтардың Төртінші өнеркәсіптік революцияның жаңа жағдайларына әлеуметтік бейімделуімен шұғылданатын қозғаушы күшке айналуы тиіс», – деді өз сөзінде Ерлан Айтаханов.

Өз кезегінде Бақытжан Әбдірайым кәсіподақтардың рөлі мен қызметі еңбек қатынастарын реттеу кезінде, оның ішінде жұмыскерлердің еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша әр мекемедегі ұжымдық шарттарда және жеке еңбек шарттарында көрініс табатындығын атап өтті.

«Кәсіподақтың негізгі мақсаты – жұмысшылардың құқығы мен мүддесін қорғау екені аян. Осы орайда Шымкент қаласының ірі және орта кәсіпорындарының 70-тен астам өкілдерінің қатысуымен кездесулер өткізіліп, ең төменгі жалақыны бір жарым есеге арттыру мәселесі қарастырылды. Бүгінде осы мәселе оң шешімін тауып, 261 кәсіпорында 16722 жұмыскердің жалақысы орташа есеппен 22%-ға өскен.

Мәселен, бүгінде «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС жұмыскерлерінің жалақылары Қазақстанның мұнай-газ саласындағы ең жоғарысы екенін және жасалған ұжымдық шарт республикада ең үздік деп танылғанын атап айтқым келеді», – деді ҚРКФ басшысы.

Бүгінде Шымкент қаласының кәсіподақтары кәсіпорындар мен мекемелер басшыларының қатысуымен жұмыскерлердің айлық жалақыларын көтеру, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау мәселелері бойынша 39 еңбек ұжымымен кездесті, 13 семинар-кеңес өткізді, бұл іс-шараларға 7 мыңнан астам адам қатысты. Осы кездесулер барысында 9 мекемеде кәсіподақ ұйымы ашылып, оған 287 кәсіподақ мүшесі тартылған. Бүгінде қала бойынша кәсіподақ ұйымының саны 414-ке жетті, бұл ұйымдардағы кәсіподақ мүшелерінің саны – 33148 адам.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі