Қызылорда облысының кәсіподақтары баспасөз конференциясын өткізді

14 тамызда ​ Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Өңірлік коммуникациялар қызметінде ​ 2019 жылдың 6 айында атқарылған жұмыстар туралы баспасөз конференциясын өткізді. ​

Баспасөз конференциясына облыстық салалық кәсіподақ төрағалары, соның ішінде білім және ғылым, “СЕНІМ”, ​ мұнай саласы, құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласы, орта және кіші бизнес жұмыскерлері салалық ​ кәсіподақтарының төрағалары қатысты. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен брифингке «Қазақстан Қызылорда», «ҚоғамТВ» телеарналары, «Сыр бойы», «Кызылординские вести» облыстық газеттері, «Ақмешіт ақшамы», «Халық» газеті журналистері қатысып, аймақ кәсіподақтарымен сұхбаттасты.

Баспасөз конференциясында «Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы С.Сермағамбетов 2019 жылдың 1 жартыжылдығындағы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі қызметінің қорытындысы бойынша ақпарат беріп, өзекті мәселелерді, алдағы жоспарларды атап өтті. ​ Журналистерге ​ әлеуметтік әріптестік аясындағы жұмыстар, ​ облыстық келісімнің, Ұжымдық Шарттардың орындалу барысы, еңбек дауларын Келісу комиссиясында шешу мәселесі, еңбек қауіпсіздігі мен еңбек жағдайын жақсарту шаралары, өндірістік кеңес пен техникалық инспекторлар жұмысы жайлы ақпараттар берілді.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына салалық кәсіподақ төрағалары да жауап беріп, салалар бойынша кәсіподақ қозғалысы тыныс-тіршілігі, қызметі мен міндеті, түйткілді мәселелері бойынша ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, журналистер тарапынан қойылған бюджеттік емес мекемелерде кәсіподақ ұйымын құру бойынша жұмыстар туралы сұраққа өңірде 2018 жылы құрылған«YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің қазақстандық салалық​ кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалы жұмысы туралы ақпарат берілді.

Сонымен қатар, кәсіподақтардың танымалдығы мен пәрмендігін арттыру бағытындағы жұмыстар бойынша сұраққа елімізде өткен ҚР Президенті сайлауында кәсіподақтардан кандидат ұсынылуы арқылы кәсіподақтар өз қызметі мен жұмысы қағидаттарын насихаттағандығы, бірлігін нығайтқандығы, ақпараттық жұмыстардың күшейтілгендігі айтылып, жұмыскерлердің еңбек-әлеуметтік жағдайлары, лайықты жалақы, еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша Үкіметке, тиісті министрліктерге, өңірлік деңгейдегі мәселелермен әлеуметтік әріптестерге жасалған ұсыныстар, заңнамалық өзгерістер жайы әңгімеленді.

Айта кету керек, Қызылорда обылыс аумақтық кәсіподақтар бірлестігі облыс көлемінде 1020 кәсіподақ ұйымында 94095 кәсіподақ мүшелерін біріктіріп, жұмыс үйлестіріп отыр.