“Ана тілі” газеті: “Таразы басы тең бе?”

«Таразы басы тең бе?» деп сауал қойып отырғанымыз тегін емес. Қазір жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы еңбек қатынастарына байланысты заңсыздықтардың орын алуына қатысты арыз-шағым көп.
Қазақстанның үшінші мегаполисі Шымкент қаласында да осы мәселеге байланысты тиісті орындардан араша сұрап арыз жазатындар аз емес. Тіпті сот органдарына да арызын арқалап баратындар бар. Бірақ оның бәрін сот орындарының қарауға мүмкіндігі шамалы.­ Өйткені судьялардың жүктемесі көп. Үлгере алмайды.
Сондықтан кейінгі кезде арыз-шағымдарды медиация жолымен қарау қолға алына бастады. Оның мәнісі – істі сотқа жеткізбей-ақ, қос тараптың мүддесін таптамай, татуласу арқылы оңтайлы шешу.
Біріншіден, мәселе уақыт создырмай, тез арада шешіледі. Екіншіден, медиаторлар екі тарап үшін таразы басы тең болуын басты мақсат етеді. Үшіншіден, бұл үшін Елордаға қарай шапқылаудың қажеті жоқ. Алысқа бармай-ақ жергілікті жерде шешуге мүмкіндік бар. Қазақстан Кәсіподақтары Федерациясы мен Жоғарғы Соты осындай жағдай жасап отыр. Бұл «Татуласу орталығы» деп аталады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты мен кәсіподақ арасында жасалған меморандумға сәйкес, еңбек, әлеуметтік және басқа да дау-дамай мен жанжалдарды шешу үшін өңірлердегі кәсіподақ ұйымдарында 17 «Татуласу орталығы» құрылған. Онда судьялар мен кәсіподақ медиаторлары ойдағыдай жұмыс жүргізіп отыр.
Аз уақыт ішінде кәсіби медиаторларды, адвокаттар мен кәсіподақ мамандарын тарту арқылы «Татуласу­ орталықтарында» 2140 процедура өткізіліп, 980 еңбек дауының 872-сі медиациялық келісім бойынша, 108-і әңгімелесу арқылы шешілген.
«Түркістан облысы, Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігіне де тұрғындардың тарапынан түсіп жатқан арыз-шағымдарды «Татуласу орталықтарында» қарау тәжірибеге ене бастады.
Осы жақында ғана сондай бір арыз қаралды. Арыз иесі – «Жаса 4» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жұмабек Исмаилов. Ол – жұмыс беруші. Оның айтуына қарағанда, серіктестік тұрақты жұмыс күшіне зәру. Көп балалы және мұқтаж отбасыларға тиесілі атаулы әлеуметтік көмек беріле басталғалы бері жағдай тіпті қиындай түскен. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, тұрмысын түзеу үшін берілетін жәрдемақыға иек артқандар масылдыққа бой алдыра бастаған. Жанын қинап жұмыс істемей-ақ, мемлекеттен берілетін жәрдемақыны алу үшін бір мезгілде 20 жұмысшы жұмыстан шығуға өтініш берген.
Серіктестікте жұмыс күшінің тұрақсыздығы салдарынан еңбек даулары да туындаған. Оны мекеме басшылығы жасырмайды. Жұмысшылардың бірі кетіп, бірі келіп жатқандықтан, наразылықтардың туындайтыны айдан-анық
Ал жұмысқа құлықсыз еңбеккерлер жалақы талап етуге келгенде барлық құзырлы органдарға түрлі арыз-шағым түсіріп, жұмыс берушілерді әуре-сарсаңға салатын көрінеді. Бұл жағдай, әсіресе қаланы көріктендіруге, абаттандыруға жұмылдырылған мердігер мекемелерге тән екенін жұмыс берушілер де айтып отыр.
Бірақ, қалай болғанда да, күрделі мәселе одан әрі жалғаса бермеуі тиіс. Екі тараптың да мүддесі ескерілген шешім жасалуы керек.
– Барлық мәселені татуласу, ымыраласу жолымен шешу қажет. Медиаторлардың араласуы мен медиативті еңбек шартын түзу арқылы шиеленістерді одан әрі созбай шешуге болады. Осыны жұмысшы да, жұмыс беруші де түсінетін уақыт жетті, – дейді «Түркістан облысы, Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов.
Оның айтуынша, еңбекақыға ­байланысты арыз-шағым көп. Оны дұрыс шешудің жолы – мемлекеттік тапсырыс конкурсын ұйымдастыру ­барысында жұмыс берушілер еңбекақы мәселесі мен жұмысшының жұмысқа деген белсенділігін арттыратын жайттарды жан-жақты ескеруі қажет.