“Қазақ газеттері” ЖШС: “SENIM” БАР БОЛСА…”

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, олардың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, табыс көлемін ұлғайту туралы мәселені дер кезінде қозғап, жергілікті билікке нақты тапсырмалар берді. Осыған байланысты Солтүстік Қазақстан облысында қандай істер жүзеге асып жатқанын күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарынан бақылап отырамын.

Тұрғындардың кірісін арттыру жөнінде ведомствоаралық комиссия құрылған. Оның төрағасы – облыс әкімі Қ.Ақсақалов. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді мүлтіксіз орындау үшін тек билікке ғана иек артып қоймау керек, баршамыз жұмыла жұмыс істеуіміз қажет. Өйткені, бұл елдің жағдайын жақсарту, тұрмыс-тіршілігімізді түзеу мақсатындағы игі қадам. Оған әсіресе, қоғамдық ұйымдардың белсенді араласқаны жөн.

Еңбек адамдарының мүддесін қорғау кәсіподақтың негізгі міндеті. Қазір бұл ұйым формализм мен бюрократизмнен ада. Халықпен қоян-қолтық араласа жүріп жұмыс істеуге бейім. Қарапайым еңбек адамдарының мүддесін қорғап, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту жолында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Оған нақты мысал көп. Айталық, Шығыс Қазақстан облысындағы «Казцинк» акционерлік қоғамының кәсіподақ ұйымы машина жасау саласындағы жұмысшылардың еңбекақысын 10-15 пайызға өсіру жөнінде бастама көтерген болатын. Оларға іле-шала Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы қолдау

білдірді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік әріптестермен бірге жұмысшылардың еңбекақысын көтеру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөнінде тапсырма берді. Нәтижесі бар. Қазір Солтүстік Қазақстан облысындағы машина жасау, құрылыс, ауыл шаруашылығы, жол және көлік кәсіпорындарында ұжымдық келісімшартқа еңбекақыға байланысты қосымша өзгерістер енгізіле бастады. Мұның бәрі кәсіподақтың қоғамдық бақылауында. Ұжымдық келісімшарттың дұрыс толтырылуын қатаң қадағалап отыр. Осы арқылы кәсіподақ ұйымы бар кәсіпорындар мен мекемелерде жұмысшыларды әлеуметтік қолдау, олардың еңбекақысын көбейту, әлеуметтік жеңілдіктерді қарастыру ойдағыдай болатынына тағы бір көз жетті.

Бұл — мемлекеттік бағдарламаларды ойдағыдай орындауға кәсіподақты да белсенді түрде қатыстырып, әлеуметтік әріптестермен жұмыла жұмыс істеудің нәтижесі. Мұны қарапайым еңбек адамдары көріп-біліп, мемлекеттік, әлеуметтік қолдаудың шапағатын сезініп отыр. Олардың бойында кәсіподаққа деген сенім нығайды. Ерекше ынта-ықыласпен жұмыс істеп, еңбек өнімділігін арттыруға жігер берді. Түптеп келгенде, осының нәтижесінде еліміздің экономикасы мен әл-ауқаты артатыны айқын. Өзім жұмыс істеп жүрген медицина саласында да Президентіміздің әлеуметтік бастамалары ойдағыдай жүзеге аса бастады. Мен «SENIM» кәсіподақ ұйымының мүшесімін. Бұл ұйым денсаулық сақтау саласындағы мамандардың әлеуметтік мәселелерін ойдағыдай шешуге белсене атсалысып отыр.

Қалада болсын, ауылда болсын, жас мамандарға ең басты керегі – баспана. Кәсіподақтың тұрғын үй және басқа да әлеуметтік мәселелерді шешу бағытындағы жұмысы өте нәтижелі. Солтүстік Қазақстан облысының әсіресе, ауылдық елдімекендердегі медицина мекемелері жас мамандарға зәру. Оларға бірінші кезекте баспана керек. Еңбекақысы да жоғары болғаны жөн. «SENIM» осындай мәселелерді шеше бастады.

Биылдың өзінде біздің облыстың дәрігерлері Мөлдір Омарова, Әсел Смайылова, Даяна Амандықова, Кәрімжан Исақов әлеуметтік мәселелерін шешу үшін әрқайсысы 500 мың теңге көлемінде сертификат алды. Бұл олар үшін үлкен көмек екені айтпаса да түсінікті.

Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынды. Осыған қатысу үшін 20 пайыз алғашқы жарна болуы қажет. Көп жағдайда жас мамандар мен отбасыларда бұл қаржы бола бермейді. Осыны ескерген «SENIM» денсаулық сақтау саласы қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Орталық кеңесі 20 пайыздық жарнаны төлеу үшін тұрғын үй сертификатын қарастырып отыр. Қазақстан бойынша 33 сертификатқа 48 миллион теңге бөлінді. Сол сертификаттың бірі маған бұйырды. Әрине, өте қуаныштымын. Алдағы уақытта да «SENIM» ұйымының арқасында көптеген жас мамандардың тұрғын үй сертификатының иесі болатынына сенімім зор.

Қазір, жасырып қайтеміз, дәрігерлердің біліктілігіне күмән келтіріп, сотқа сүйреп жатқандар бар. Мұндай жағдайда денсаулық сақтау саласының қызметкерлері адвокаттардың қызметіне жүгінетіні мәлім. Ол үшін қаржы төлеу қажет. «SENIM» адвокаттардың қызметі үшін де қаржы қарастырып отыр. Бұл да дәрігерлер үшін үлкен көмек.

Біздің облыста тек денсаулық сақтау ғана емес, басқа да салаларда кәсіподақ ұйымдарының жұмысы жандана түсті. Әсіресе, ауыл шаруашылық саласындағы жастардың қайрат-жігері ерекше. Покровка елдімекенінде жас еңбеккерлердің республикалық форумы өтті. Оған мен де қатыстым. Сол форумда Уәлиханов ауданындағы «Жолдасбай Агро» фермерлік шаруашылығының малшысы, ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері Рауан Бралин «Жастар ауыл шаруашылығын көтеруге белсене қатысуы тиіс» деген ой айтты. Өйткені, қазір ауылда еңбек ететіндердің көбі егде жастағы адамдар. Олардың орнын жастар басуы қажет.

Сөз реті келгендіктен айта кетейін, Рауанның ерен еңбегін байқаған Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерацияны оны мемлекеттік наградаға ұсынған. Ол жұмыс істейтін шаруашылықтағы 140 адамның барлығы – кәсіподақ мүшесі. Жұмыс беруші мен кәсіподақ комитеті арасында жасалған ұжымдық келісімшартқа сәйкес жұмысшыларға барлық әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, өткен жылы 40 жұмысшы «Сосновый бор» шипажайында демалған. Осындай жағдай жасап отырғандықтан, жастар ауылда қалып, жұмыс істеуге құлықты. Басқа да агрофирмалар осындай қадам жасаса, ауыл шаруашылығында кадр тапшылығы болмас еді деп ойлаймын.

Өзім баспасөзді күнделікті қадағалап отырғандықтан жақсы білемін, қазіргі сәтте ақпараттық жұмыс өте керек. Осы ретте әлеуметтік желілерде Қазақстан Президентінің өзі үлгі көрсетіп жатқан жоқ па? Бұл биліктің халықпен біте қайнасып жұмыс істеуіне жол ашады. Кәсіподақ ұйымдары да бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы белсенді жұмыс жүргізе бастады. Барлық әлеуметтік бастамалардан жұртшылық жақсы хабардар. Мемлекеттің нақты қамқорлығы мен қолдауын сезініп отыр. Олар Қазақстанның әл-ауқаты одан әрі арта беретініне сенімді. Бұл кәсіподақтың әлеуметтік әріптестермен бірге мақсатты жүмыс жүргізіп отырғанының нәтижесі.

Қазақстан Кәсіподақтары Федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайыммен кездесу кезінде Солтүстік Қазақстан облысындағы белгілі тұлға, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген энергетик, Петропавл қаласының құрметті азаматы Александр Липовой былай деген еді: «Нарықтық экономика жағдайында жұмысшылардың алаңсыз жұмыс істеп,

олардың мүддесін қорғау үшін кәсіподақ өндіріспен тікелей байланыста болып, қоғамда лайықты орнын табуы тиіс». Қазіргі кәсіподақ осындай деңгейде. Ұйым мен жұмысшылар арасында тығыз байланыс бар. Кәсіподаққа сенім жоғары.

Мұрат Қасымов

Солтүстік Қазақстан облыстық кардиология орталығының дәрігері, 

«SENIM» денсаулық сақтау саласы кәсіподағының мүшесі