КӘСІПОДАҚ ӨКІЛДЕРІ ЖОЛДАУ ТАЛҚЫЛАНҒАН АКТИВ ЖИЫНЫНА ҚАТЫСТЫ

Шымкентте Президент Жолдауын талқылауға арналған қала активінің жиыны өтті. Оған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Н.Әбдібеков пен “Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы” аумақтық бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов қатысты.

Жиынды қала әкімі Ерлан Айтаханов ашып, биылғы Жолдаудың ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдарды ұсынып отырғанына тоқталды. Қазақстан президентінің “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Жолдауы мемлекетіміздің дамуының темірқазығы. Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясына және Ұлт Жоспарына сәйкес бірқатар құрылымдық міндеттерді іске асыруымыз керек деген ел президенті Жолдауында барлық саланы қамтып өтті.

Экономика, әлеумет, құқық қорғау, білім салаларын толықтай қамтып, бүгінде өзекті мәселелердің шешу жолдарын да көрсетіп берді. Шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыруға күш салу қажеттігін ескертті. “Білім экономикасы”, еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллекті жаһандық дамудың негізгі факторларына айналып отыр. Мемлекет басшысы еңбек өнімділігінің нақты өсімін кем дегенде 1,7 есеге арттыруымыз керек деп, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. Тоқаев халыққа арнаған жолдауында жұмысшылардың жалақысын көтеруді тапсырды. Президент еңбеккерлердің құқы мен мүддесін қорғай отырып, жалақыны өсіруді тапсырды.

Жолдауда пәрмен беріліп, Еліміздегі мәдениет саласының қызметкерлері мен мұғалімдердің еңбекақысы өсіп, еңбеккерлерді талпындыруға күш салынатын болды.