Федерация төрағасының орынбасары еңбек ұжымдарымен кездесуде

2019 жылғы 5 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Сатыбалды Телағысұлы Даулеталин Қызылорда облысындағы іссапары барысында облыстық Рухани Жаңғыру орталығы мен Қызылорда қаласының тарихи музейімен танысты. ​ Өңірдің тарихи өмірінен сыр шерткен музейде С.Даулеталин Қызылорда қаласының тарихынан, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуынан ақпарат алды.

Сонымен қатар, С.Даулеталин Қызылорда қаласында бой көтерген сол жағалау сәулетіне ерекше көрік берген «Болашақ» Университетінің студенттер қалашығы ғимаратында болып, құрылысы барысымен танысты. Өзіндік мәні бар бұл кездесу барысында университеттің негізін қалаушы Бақберген Досманбетовпен Кәсіподақтар Федерациясының, облыстық кәсіподақтардың жаһандық сандық технология дәуіріндегі жастардың жаңа мамандықтарды игеруіне жәрдемдесу, заманауи ғылымның еңбек нарығындағы өзекті мәселелерді шешуге септесуін үйлестіру бойынша ынтымақтастық мәселесі талқыланды.

С.Даулеталиннің Сыр еліндегі жұмыс сапарының келесі нысаны Облыстық Диагностикалық Орталығы болып жалғасты. Орталықтағы денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен кездесу барысында ел Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы талқыланып, Жолдау талаптарының әлеуметтік еңбек қатынастарындағы мәні тарқатылып айтылды. Еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйымы ретінде кәсіподақтар Федерациясының мемлекет ұстанған саясатта мемлекеттік органдармен, әлеуметтік әріптестермен бірлесе жұмыс жүргізуге мүдделі екендігін жеткізді.

ҚР Кәсіподақтар Федерациясының жаңғыру Жол картасы бағыт-бағдары да еңбек адамының әл-аухаты көтерілуі, еңбек құқықтары сақталуы, лайықты жалақысы мен еңбек қауіпсіздігіне бағытталғандығы атап өтіліп, атқарылған жұмыстар туралы мағлұматтар берілді. Өз кезегінде ақ халатты медицина қызметкерлері Мемлекет басшысының Жолдауына, кәсіподақтар Федерациясымен атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттемелеріне қолдау білдірді.