aray.kz: “Әлеуметтік бірлік алға жетелейді”

Мейрамбек Төлепберген,
Жамбыл облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталатын Қазақстан халқына Жолдауы ел дамуына байланысты әрбір мәселе терең талданып, айқындалуымен құнды болып отыр.
Біздің еліміз тәуелсіздік жылдары көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Өсу-өркендеудің жолында өркениетті мемлекеттерге тән өзгерістер мен жаңашыл қадамдар жасап, халықтың көңілінен шығып, мерейін еселеп арттырған табыстарға ие болды. Мұны біз ашық айтуға тиіспіз. Енді елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр.
Мемлекет басшысы қазіргі заман биігінен келешек көкжиегіне көз салып, әлеуметтік-экономикалық және рухани жағынан бұрынғыдан да қабілетті, іргелі де мықты ел болуға тірек болып, сенімді серпін беретін міндеттерді алға қойып отырғанын жақсы түсінеміз.
Ең бастысы, табысты экономикалық реформаны жүзеге асыру еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңартып, жаңғыртусыз еш мүмкін емес, деген қағиданы ұстағаны – өте дұрыс шешім.
Біздің халқымыз азаматтық қоғамды дамытуға белсене қатысып, жалпымемлекеттік міндеттер мен мақсаттарды бірігіп, бірлесіп, ізгілікті жолмен орындауға жұмылуы қажет деп есептейміз.
Бұл тұста әлеуметтік әділеттілік болған елде әлеуметтік тірлік те болатынын атап айтуға болады. Билік пен халық, халық пен билік арасында сындарлы диалог орнаса, әрине, шешілмейтін мәселе жоқ. Сондықтан да ел Президентінің «Жақын арада Азаматтық қоғамдық дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдауымыз керек» деп атап өтуі көпшіліктің көкейіндегіні тап басып, айту ғана емес, адамдардың ой-пікірлерін, қоғамдық пікірлеріне құндылық, пайдалы ақыл-кеңес деп қабылдауы – өміршең істің бастауы әрі қайнар көзі болмақ.
Әлеуметтік салада қандай бағыттарға баса мән беру керек? Мемлекет басшысы білім беру сапасын жақсартуға байланысты қойған барлық мәселені толық қолдаймыз. Дұрыс айтады, қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап бара жатқан жоқ па? Оны бәріміз де көріп, сезіп отырмыз. Білікті мұғалімдердің ауылдық жерлердегі тапшылығынан білім деңгейі әртүрлі. Жоғары білім сапасы да алаңдатады. Диплом сатумен айналысатын жоғары оқу орындары ашығын айтсақ, қоғамға пайда емес, зиян әкеліп отыр. Мұны тоқтатып, батыл шешім жасайтын уақыт жетті. Жалпы мұғалімдердің еңбек ақысын көтеру, әлбетте, мәдениет қызметкерлеріне келесі жылдан еңбек ақысын көтеруді Үкіметке тапсыруы да өте орынды.
Мемлекет басшысының Жолдауында халқымызды толғандыратын барлық мәселеге жеткілікті назар аударылып отыр. Ел тағдырына жаны ашитын адамдар мұны сенім мен ақиқаттың алдында азаматтық жауапкершілігіміз де ортақ деп қабылдауда.
Қоғаммен тығыз байланысты, өзара сенім мен қолдау тұрғысында атқарылған нақты іс-қимыл сөзсіз өз нәтижесін береді.
Күні кеше Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының атқару комитетінде Мемлекет басшысының Жолдауында атап көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға қолдау көрсетіп, Үндеу қабылдаған жиынға куә болып қайттық. Құрамында 2 милионнан астам мүшесі бар Кәсіподақтар федерациясы бұл Жолдауды мемлекеттік өркендеудің жасампаздық кезеңі әрі мерейлі міндеттері деп санайды.
Біздің барша отандастарымыз да бұл Жолдауда көрсетілген бағыт-бағдардың бірлікпен алға жетелейтін мән-мағынасын терең түсіне отырып, еселі еңбекке үлесін қосады деп білеміз.