Текеліде жас ұстаздар бас қосты

Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы Текелі қалалық филиалының жанынан құрылған жастар Кеңесінің отырысы өтті. Оған қалалық кәсіподақ филиалының төрағасы Асан Тұрсынғалиев, облыстық ұйымның бас маманы Маржан Жұмабек және жас ұстаздар қатысты.

Жиынның күн тәртібінде Мемлекет басшысының Жолдауы   талқыланып, жастар Кеңесінің 2019 жылдың сегіз айлығында  атқарған жұмысының  қорытындысы  қаралды.

Шара барысында  қалалық кәсіподақ филиалының төрағасы Асан Ақжолтайұлы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында көрсетілген  бағыттарға тоқталды. Оның ішінде білім беру саласындағы жаңалықтармен бөлісіп, оқулықтардың сапасы, ауыл мен қала мектептерінің алшақтығы және мұғалімдердің жалақысы 4 жылда 100 пайызға көтерілетінін жеткізіп, жас мамандарға қолдау білдіру мақсатында  «Дипломмен ауылға» бағдарламасының ауқымы кеңейе түскенін айтып өтті.

Сондай-ақ қазақ халқының ойшылы Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтуге арналған шараларға жастарды белсене қатысуға шақырды.

Кеңес отырысында облыстық ұйымның бас маманы Маржан Қайратқызы жастардың облыс көлемінде  атқарған жұмыстарын айтып, аудандық, қалалық деңгейдегі төрағаларға алғысын білдірді.

Қалалық филиалдың жанынан құрылған жастар Кеңесінің төрағасы Ләззат Күнайқызы күн тәртібіне сәйкес биылғы жылы ауқымды шаралар өткізгенін, жас ұстаздардың арасында байқаулар, спорт түрлерінен жарыстар, кездесулер ұйымдастырылғанын, белсенді ұстаздар кәсіподақ тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталғанын жеткізді.

Кеңес мүшелері  жиында өзара тәжірибе алмасып,  жас мамандармен жоспарға сәйкес жұмыс жүргізілгеніне көз жеткізді.