МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ КӘСІПОДАҚТАР ОРТАЛЫҒЫ ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫНДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

10 қыркүйек күні Маңғыстау облыстық Кәсіподақтар орталығының төрағасы К.Жаулиннің төрағалығымен Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы болып өтті.

Отырыс жұмысына әлеуметтік әріптестер және Үйлестіру кеңесінің мүшелері болып табылатын облыстық салалық, жергілікті және бастауыш кәсіподақтар бірлестіктерінің төрағалары қатысты. Кеңес отырысының күн тәртібінде: ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, ҚР Кәсіподақтар Федерациясын жаңғырту бойынша Жол картасын жүзеге асырудың қорытындысы, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудегі кәсіподақтың рөлі, сонымен қатар, ҚР Кәсіподақтар күні мерекесін өткізу туралы мәселелер талқыланды.

Күн тәртібінің бірінші мәселесі бойынша Маңғыстау облыстық Кәсіподақтар орталығының төрағасы К.Жаулин ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Қазақстан халқына Жолдауын қатысушыларға кеңінен таныстырып, басымдық берілген негізгі бағыттарына тоқталып, барлық қатысушыларды Жолдаудың орындалуына атсалысып, бірігіп еңбек етуге шақырды.  Сонымен қатар,  төраға ҚР Кәсіподақтар Федерациясын жаңғырту бойынша Жол картасын жүзеге асырудың қорытындысы жайында баяндама жасады. Баяндама барысында Киікбай Мыңбайұлы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік бастамалары кәсіподақтардың басты құндылықтарымен үйлесім табатынын, осы орайда бұл реформалар кәсіподақ қызметін бұдан әрі де жаңғырту және Еңбек адамын қорғау тиімділігін арттыру үшін жаңа серпін беретініне сенімді екенін жеткізді.  Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Ш.Дүйсенов қазіргі әлемдегі қауіпсіздік және еңбекті қорғау туралы ой қозғап, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудегі кәсіподақтың рөлі оразан зор екенін атап өтті.  Сонымен қатар, Еңбек инспекциясының өкілі Ш.Дүйсенов кеңеске қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты әрі, тұщымды жауап берді.

Отырыс барысында «Атамекен» ҰКП келген Қаржылай емес көмек көрсету бөлімінің басшысы А.Айтжанова Жолдаудың шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау мақсатында айқын белгіленген тұстары мен әлеуметтік жауапты қоғамды дамыту бағытындағы басым тармақтарын атап өтіп, әлеуметтік әріптестерді осы бағытта бірігіп жұмыс жасауға шақырды. Яғни, өз кәсібін ашып, кәсіппен айналысам деген жас кәсіпкерлер үшін бизнес жоспар дайындап, құқықтық сауатын арттыру өзге де көмек түрлерін ұсыну мақсатында ашылған тегін курстарға оқуға шақырды.

Отырыс қорытындысында Жолдауды кеңінен насихаттау мақсатында өндіріс ошақтары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, Кәсіподақтар күнін ұйымдастыру және өткізу бойынша іс-шараларды басшылыққа алып жұмыстану туралы қаулы қабылдынды.